Назарбаев зияткерлік мектептерінің бюджеті ұлттық университеттерден асып түсті

Азамат Ахметов
Фото: liter.kz

Биылғы оқу процесін ұйымдастыру үшін республика бюджетінен 35 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалмақ
Назарбаев Зияткерлік мектептеріне 2022 жылғы оқу процесін ұйымдастыру үшін республика бюджетінен 35 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалмақ. Дербес білім беру ұйымының қаржыландыру жоспары Қазақстандағы көптеген жоғарғы оқу орындарының жылдық бюджетін басып озды, деп хабарлайды Qonaev.info тілшісі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап. 

Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке сәйкес, Білім және ғылым министрлігінің «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымымен жасалған келісім-шартында оқу процесін ұйымдастыру үшін 35 442 720 000 тг көлемінде қаржы бөлу көзделген.

Техникалық сипаттамада көрсетілгендей, дербес ұйым орташа жылдық контингенті 15 428 оқушы үшін білім беру үдерісін ұйымдастыруды және орындалуын қамтамасыз етеді. Яғни, педагогтарды әлеуметтік қолдау, мектеп қызметін ұйымдастыру, оқушыларды мектеп формасымен қамту сынды бірқатар қызметтер кіреді.
Сондай-ақ, шарттың техникалық ерекшелігінде Назарбаев зияткерлік мектептері оқушыларды күнделікті 3 мезгіл тамақтандырып және жатақханада тұратын оқушылар үшін 5 мезгіл тамақпен қамтамасыз ететіндігі де көрсетілген.

МИНИСТРЛІКТЕН ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛАТЫН «АВТОНОМДЫ МЕКЕМЕ»

Аталған сатып алуға байланысты және Назарбаев зияткерлік мектептеріне (НЗМ) бөлінген жылдық бюджет сомасы қандай тәртіппен бекітілетіндігі турасында министрлікке сауал жолдадық.

«Сатып алу 2022-2024 жылдарға арналған «Назарбаев Зияткерлік мектептерінде мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру» 099 101 бюджеттік бағдарламасы бойынша көзделген. НЗМ – Білім және ғылым министірлігінің қарамағында емес, ол – жекеменшік, автономды мекеме. Сол себепті сауалды НЗМ әкімшілігіне арнауды сұраймыз», - делінген министрліктің баспасөз қызметі жолдаған жауапта.

Бір айта кетерлігі, зияткерлік мектептердің түлектері ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылады. Оның орнына олар мектептерде емтихан түрінде қорытынды бағалауды тапсырады. Яғни, Білім және ғылым министрлігі тарапынан тексеріс пен бақылаудан еркін бола тұра, дербес ұйымды қаржыландыру аталған министрлік арқылы өтеді.

ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТТЕР АРТТА ҚАЛДЫ

Бұдан өзге министрлік мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша еліміздің бірқатар жетекші университеттері мен білім беру мекемелерімен шарт жасасқан.

  • Мәселен, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 14 млрд теңге;
  • Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне 12 млрд теңге;
  • Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне 6,5 млрд теңге;
  • Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне 7,4 млрд теңге;
  • Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетіне 4,6 млрд теңге;
  • Қазақстан-Британ техникалық университетіне 2,6 млрд теңге;
  • С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне 2 млрд теңге;
  • Нархоз университетіне 1 млрд теңгеден астам;
  • Қараганды индустриялық университетіне 677 млн теңге;
  • М. Нәрікбаев атындағы ҚазГЮУ Университетімен 457 млн теңге көлемінде көлемінде қаржы бөлінбек.

АРНАЙЫ МЕКТЕПТЕРДЕ БАРЛЫҚ ОҚУШЫНЫҢ 2%-ы ҒАНА ОҚИДЫ

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, елде мамандандырылған білім беру ұйымдарының желісі артып келеді. 2020-2021 оқу жылы бойынша елімізде дарынды балаларға арналған 134 білім беру ұйымы бар. Аталған білім білім беру ұйымдарында жиыны 72 300 оқушы білім алады.

Ал елдегі жалпы орта мектептердің саны – 7550. Мұндай орта мектептерде шамамен 3,6 млн-ға жуық бала оқып жатыр. Балаларды іріктеп оқытатын мамандандырылған мектептерде Қазақстандағы барлық оқушының екі пайызы ғана оқиды деген сөз.

Биыл елдегі орта білім беру мекемесінің бір оқушысына, жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес, бір оқушыға 514 090 теңге бөлінді.

БІЛІМ ЖҮЙЕСІ ҮСТЕМ ТОПТЫҢ МҮДДЕСІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕ МЕ?

Кей зерттеушілер, білім берудегі теңсіздік әлеуметтік тап пен отбасылық жағдайға байланысты екенін айтады. Ал екінші тарап оқушылардың төмен үлгеріміне мектеп сапасы жауапты деп біледі.

Десе де білім саласындағы түйткілді мәселелерді қозғап жүрген сарапшы Аятжан Ахметжанның айтуынша, біліктілігі төмен мамандардың артуы экономикада ұзақ мерзімді мәселелердің туындауына әкеледі.

«Білімдегі теңсіздік дегеніміз білім деңгейі мен ойлау деңгейіндегі айырмашылықты білдіреді. Біздің орта білім, яки жоғарғы білім алған мамандар өзгелермен бәсекелесе ала ма деген сұрақ туады. Ал енді Қазақстанда білім теңсіздігі мәселесі күрделі. Өзге сырт мемлекеттермен салыстырмағанның өзінде, біздің астана мен облыстық деңгейдегі аудандар мен ауылдардағы білім сапасының деңгейі әр басқа. Бір мемлекеттің ішіндегі білім жүйесіндегі теңсіздік әртүрлі әлеуметтік топтарды шығарады деп айтуға болады. Маман теңсіздігі келешекте әлеуметтік теңсіздікке әкеледі. Жалпыға бірдей білім беру жүйесін белгілі бір деңгейде іске асыру керек», - дейді маман.

Ал елдегі білім жүйесі үстем топтардың мүддесіне қызмет ете ме деген сауалымызға сарапшы Аятжан Ахметжан жауабын былай деп тарқатты.

Тағы бір айта кетерлігі, аталған тақырыпқа орай білім саласында қызмет етіп жүрген сарапшылардың денінен пікір алу мүмкін болмады.

«Белгілі бір мектептердің бюджетінің әртүрлілігін түсіндірген кезде оның дұрыс жағы да, бұрыс жағы да бар. Бұрыс жағы түсінікті. Дұрыс жағы, озық тәжірибені біртіндеп қалыптастыру мақсатында Назарбаев зияткерлік мектептерін құру қолға алынған еді. Қазір дербес ұйым мектептері алғашқы кезеңнен өтіп болды, енді 7-12 сынып аралығындағы бір кезеңнің оқыту тәжірибесін басқалармен бөлісуі керек. Ал білім саласындағы үстем топтар мүддесі дегенге келсек, белгілі бір деңгейде мұнымен келісуге болады. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДБҰ акционерлік қоғамының құрылтайшыларының мақсатына қатысты қосымша зерттеу керек те шығар. Бірақ сөздің расына келсек, елдегі ең сапалы мектеп ұйымы ретінде білім беретініне күмән келтірмеймін. Оны бүгінгі түлектері дәлелдеп те жатыр», - дейді Аятжан Ахметжан.