Антикор мәліметі бойынша ҚР Ұлттық музейінің басшылығы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілініп отыр.
«Нұр-Cұлтан қаласы бойынша Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі» РМҚК лауазымды тұлғаларына қатысты «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу бойынша Мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында 146 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқыру белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде», - делінген Антикор хабарламасында.
Шарттың жалпы сомасы 1,2 млрд теңгені құрайды. Тергеу сотының санкциясымен қазіргі уақытта тінту, сондай-ақ куәлардан жауап алу және басқа да тергеу әрекеттері жүргізілуде. Іс бойынша түпкілікті шешім қылмыстық іс жүргізу заңнамасының талаптарын орындау нәтижелері бойынша қабылданатын болады. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етілмейді.