Өткен жылы бюджеттің 69 млрд теңгесі игерілмеген

Азамат Ахметов
Фото: ашық дереккөзден

2021 жылдың қорытындысы бойынша бюджеттің 69 млрд теңгесі игерілмей қалған. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Сенат депутаты Сергей Карплюк мәлім етті. 

«2021 жылдың қорытындысы бойынша бюджеттің 69 млрд теңгесі игерілмей қалған. Бұл – соңғы 15 жылдағы абсолюттік жоғары көрсеткіш. Қаржының жүйелі түрде игерілмеуінің маңызды факторының бірі – мемлекеттік сатып алудың кемшіліктері. Жоспарланған тендерлерді өткізбеу, конкурсқа қатысуға өтінімдердің болмауы, әлеуетті өнім берушілердің біліктілік талаптарына сай келмеуі, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің кешіктіріліп өткізілуі және бюджет қаражатының тиімді игерілуіне теріс әсер ететін өзге де заңбұзушылықтар жылдан жылға қайталанып отыр», - деді депутат. 

Мәселен, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстардың өткізілмеуі салдарынан денсаулық сақтау ұйымы кадрларының біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға көзделген 460 млн теңге қаражат сол қалпы игерілмей қалған. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына соңғы жеті жыл ішінде 35 өзгеріс пен толықтыру енгізілген және олардың үшеуі тек осы жылдың соңғы үш айында енгізілген.

Үкіметтің осы жағдайды түзету жөніндегі қабылдап жатқан шаралары ойдағыдай тиімді нәтиже бермей отыр.