Нұр-Сұлтан дүкендерінде 10 млн теңге айналымы бар терминалдар заңсыз орнатылған

Азамат Ахметов
Фото: ашық дереккөзден

Қаржылық мониторинг агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті елордалың екі тұрғынның рұқсат беру құжаттарынсыз ойын терминалдарын орнатып, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық істі аяқтады.

Агенттік мәліметінше, заңсыз айналымнан елорда дүкендерінде орналасқан 800 000 теңге сомасында ақша қаражаты бар 23 ойын терминалы алынды.

«Осы ойын терминалдарын орналастырудан түскен заңсыз кіріс сомасы 10 216 000 теңгені құрады. Күдіктілердің мүлкі тәркіленіп, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін», - делінген хабарламада.

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтардың үй-жайларын заңсыз ойын бизнесі мақсатында жалға бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салады.

«Егер сіздің үйіңізде/ауданыңызда орналасқан заңсыз ойын мекемелері туралы ақпарат болса, тексеру және заң бұзушыларға шара қолдану үшін Агенттіктің сенім телефонына хабарлаңыз», - деп ескертеді агенттік өкілдері.

Сізге қызықты болады