Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

Қазақстанның қазба байлығынан түскен қаражат қайда жұмсалып жатыр?

Азамат Ахметов
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда жер байлығын игеретін компаниялар өзі орналасқан аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына және инфрақұрылымына жыл сайын белгілі бір мөлшерде қаражат бөлуі керек. Бұл қаражат ашық дереккөздерде жариялана ма? Ал бөлінген қаржы қандай жобалардың дамуына жұмсалады?

2020 жылы аймақтардағы жер байлығын игеретін компаниялар 17,7 млрд теңге көлемінде әлеуметтік инвестиция төлеген, оның ең көбі – Батыс Қазақстан облысына тиесілі, деп хабарлайды Qonaev.info Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.

Бұл талап «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексте жазылған. Заң бойынша жер байлығын пайдаланушылар қаражатты нақты бір жобаларға тікелей бөледі, болмаса, әртүрлі саладағы жобаларды жүзеге асыру үшін қаражатты жергілікті бюджетке аударады. Дәлірек айтсақ, жер қойнауын игерушілер жыл сайын:

  • қазақстандық кадрлардың білім алуын қаржыландыруға;
  • ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық немесе тәжірибе жүргізу жұмыстарына қаржы бөлуге;
  • аймақтың алдыңғы жылдың есебімен жер қойнауын игеру келісімшартының бір пайызы көлемінде әлеуметтік-экономикалық дамуына, аймақтың инфрақұрылымын дамытуға қаражат бөлуі тиіс.

БӨЛІНГЕН ҚАРАЖАТ АШЫҚ ТҮРДЕ ЖАРИЯЛАНА МА?

«Zertteu Research Institute» Қоғамдық қорының мәліметіне сүйенсек, әкімдер де, жер қойнауын игеріп отырған компаниялар да қанша инвестиция бөлгенін, ол қалай игерілгенін ашық дереккөзге жариялай бермейді. Сол сияқты қазба байлықтан көрген пайдасынан инвестиция бөлер кезде, осы екі тарап қоғамның пікірін елемейтіні, яғни ақшаны қайда бөлу керек немесе жұмсауға болады деген мәселе бойынша қоғамдық талқылау өткізіп, аймақ тұрғындарымен ақылдаспайтыны жазылған.

«Жер қойнауы туралы заңға сәйкес, қазба жүргізетін компания өзінің кәсіпорындары орналасқан аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту үшін инвестиция салуға міндетті. 2019-2020 жылдардың қорытындысы бойынша Қазақстанда жер қойнауын пайдаланушылар жергілікті бюджеттерге 44 млрд теңге көлемінде инвестиция салған. Инвестиция төлейтін ең ірі компаниялар – «Теңізшевройл» мен NCOC компаниясы ҚР жер қойнауын басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесінің сайтына өздерінің әлеуметтік-экономикалық жобалары туралы ақпаратты жарияламайды. Өйткені бұл компаниялар қаражатты келісім аясындағы демеушілік көмек ретінде бөледі. Бірақ сол келісімдерінің мәтіні мен мазмұны да қолжетімсіз», - делінген қоғамдық қордың зерттеуінде.

Ал сол бірыңғай мемлекеттік жүйенің сайтындағы мәліметке сүйенсек, осы компаниялардың әлеуметтік инвестициясы әлеуметтік-инфрақұрылымынан басқа, кәсіби хоккей клубтарын, Наурыз, 8-наурыз сияқты әртүрлі мерекелердің тойлануын, кәсіпкерлер палатасын қаржыландыруға бөлген.

БЫЛТЫРҒЫ МӘЛІМЕТТЕР ӘЛІ ЖОҚ...

Қоғамдық қор жер қойнауын пайдаланған компаниялардың 2019-2020 жылдары қандай әкімдіктерге қанша инвестиция төлегені, өз кезегінде жергілікті атқарушы орган ол қаражатты қайда жұмсағаны туралы есеп жүргізген.

«Былтыр әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларға бөлінген қаражаттың көбінесе қай салаға бөлінгенін зерттесек, бірінші орында мәдениет саласы тұр. Яғни 17,7 млрд теңгенің 6,4 млрд теңгесі мәдениетке жұмсалған. Бұл қаражаттың өзіне үңіле келе, 6,4 млрд теңгенің 99 пайызы бір ғана жобаға, нақтырақ айтқанда Орал қаласындағы 1500 орынды көп функционалды мәдени орталықтың құрылысына бөлінген», - дейді «Zertteu Research Institute» Қоғамдық қоры.

Ал аймақтар бойынша инвестициялардың қайда бөлінгені туралы 2021 жылғы мәлімет ашық дереккөздерде жоқ.

ӘЛЕУМЕТТІК ИНВЕСТИЦИЯНЫҢ ТҮПКІ ИЕСІ КІМ?

Жер қойнауын пайдалану туралы қазіргі заңда осы әлеуметтік инвестицияны қай салаға бөлу керек деген мәселені жергілікті халықпен талқылау керек деген норма жоқ.

«Жер қойнауын пайдаланатын немесе байыту фабрикасының жанында отырған халық осы процестерден тыс қалып жатыр. Алайда логикаға сай, осы әлеуметтік инвестицияның түпкілікті иесі – жергілікті халық. Жер байлығын пайдаланып, осыдан табыс көрген компаниялардың сол аймаққа беріп жатқан қаражатын тиімді пайдаланудағы басты мәселе – халықпен талқылау жүргізу», - деп түйіндеген қор зерттеуінде.

Сізге қызықты болады