Атырауда Жайық өзенінің беті ойылып, ер адам суға батып кетті. Оқыс оқиға 4 желтоқсан күні кешке болған, деп хабарлайды Qonaev.info Атырау облысы ТЖД-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне жексенбі, 4 желтоқсан күні сағат 20:49-да Атырау қаласының Жұмыскер ауылы тұсында Жайық өзенінде ер адамның мұз ойылып, суға батып кеткені жөнінде шақырту түскен.
Сағат 21:10-да Жедел-құтқару жасағының сүңгуірлерінің күшімен 72 жастағы ер адамның денесі судан шығарылды.
Ол мұз үстімен серуендеп жүрген кезде мұз ойылып, суға батып кеткен. Сонымен қатар, куәгерлердің күшімен оның он жастағы немересі құтқарылып, балалар облыстық ауруханасына жеткізілді.
Дәрігерлердің тексеруінен кейін бала үйіне жіберілді. Су асты іздестіру жұмыстарына Атырау облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының 3 сүңгуірі мен 1 техникасы жұмылдырылған.
Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды жұқа мұз үстіне шықпауға шақырды.
«Жайық өзенінің жағасындағы мұздың қалыңдығы небәрі 3-4 см құрайды, ортасында мұз әлі қатып үлгерген жоқ. Сақ болыңыздар! Өз өмірлеріңізге қауіп төндірмеңіздер!», — делінген хабарламада.