Атырауда көлік ұрлап, артынша 13 жасар қызды зорламақ болған ер адам қолға түсті.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жаға ұстатарлық оқиға бүгін, 6 желтоқсанда «Авангард» шағынауданында болған.
«Ер адам алдымен Reno Duster көлігін ұрлап, кейін көпқабатты үйлердің ауласына жасырынған. Артынша 13 жасар жасөспірім қыз баланы зорламақ болған. Патрульдік полиция қызметкерлері оны қылмыс жасамақ болған кезде қолға түсірді», - делінген хабарламада.
«НеМолчи» қорының мәліметінше, қыз бала ДЦП-ға, яғни церебралды сал ауруына шалдыққан.
«Анасы сабаққа алып бара жатқанда қызы көліктің ішінде ұйықтап қалған. Әйел жолда көлігін қойып, дүкенге кіріп-шығуды жөн көреді. Дәл сол уақытта әлдебір ер адам көлікке жүгіріп кіріп, ішіндегі науқас баламен бірге ұрлап кеткен. Анасы дереу полицияға хабарласып, көлік ұрланғаны және кәмелетке толмаған баланың ұрланғаны туралы хабарлаған», - деп жазады қор өкілдері желідегі парақшасында.
Тәртіп сақшылары оқиға орнына дер кезінде жетіп үлгерген. Ер адамның нақты не істемек болғанын тергеу анықтайтын болады. Күдікті ұрланған көліктің жүксалғышында шалбарсыз қалпы жасырынып отырған жерінен қолға түсті. Бұл кезде бала көлікте болған.
Қазіргі кезде зорлау әрекетіне қатысты тергеу басталды. Полиция тергеу мүддесі үшін басқа ақпаратты жариялаған жоқ.