«Көз жанары өзгергенімен, көзқарасы өзгерді ме»: заңгер Мұхамеджан Тазабекке семинарын түрмеде өткізуге кеңес берді

Азамат Ахметов
Inbusiness.kz

Жуырда ғана көз жанарына ота жасатып, жаңа кейіпке енген ақын Мұхамеджан Тазабеков тағы да сынның астында қалды. Бұл жолы шымкенттік заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратураға үндей жолдап, Тазабековтің Алматыдағы кездесуіне тоқтау салуды сұрады.

Есте болса, осыдан бірнеше жыл бұрын Мұхамеджан Тазабек өзінің теріс діни ағымда жүргенін мойындап, тәубесіне келгенін мәлімдеген болатын. Оған дейін көпшілік арасында оның салафилік ағым өкілі деген қауесет желдей есіп жүргені есте.

«Көзінің жанары өзгергенмен, “көзқарасы” өзгергеніне КІМ кепілдік бере алады?

Қанды қаңтар оқиғасында шетел асып, туған Отанына келмей, “духилатып” жүрген ағамызды халыққа ақыл айтуға кім алып келді?

Көзі өзгергенмен, ойы өзгергеніне жоғарыда отырған қайсың жауап бересіңдер?

“Сәләфиттерге адасып, білмей кіріп шықтым”, деген адам, тағы адасып жүрмейтініне кім жауап бере алады», - деп жазды А.Орынбек өзінің Facebook-парақшасында.

Заңгер М.Тазабектің әйелдерге қатысты жиі айтатын уағыздарын да сынап отыр. «Әйелдер күшейіп кетіпті, ер азаматтарды төмендете бермеу керек» деп пікір қалдырған Мұхамеджан ағама айтарым бар дейді ол.

«Ауғанстан елі сияқты әйелдерді “қара шүберекке” тұмшалап, одан қалса ұрып-соғып, халықты Қайрат Сатыбалды ағаңызға құлша табындыруға алып келе жатқан “миссияңыз” орындалмай қалды ма?

Қазақ жігіттерінің орта ғасырға еніп: өз нәпсілерін қандыра алмай тоқал іздеп, миы уланып, қыздарды “қара шүберекке” орап, таяққа жығып жүргені ұнамай жатыр ма?

Енді өзіңіз соны қалаған жоқсыз ба? Елімізде тұрмыстық зорлық -зомбылықтың, оның ішінде әйелдер арасындағы зорлықтың күшеюіне - өзіңізді кінәлі санамайсыз ба?

Өзіңді мықты “коуч-психолог” санағаныңа қарағанда, Қанды қаңтарда халыққа және Президентке қарсы шығып мемлекет ішінде бүлік жасағандарға неге тоқтау айтпадың? Сол кезде қайда болдың», - дейді қоғам белсендісі.

Ол сондай-ақ, Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне үндеу жасап, Тазабектің семинарын өткізуге рұқсат берген Алматы қаласы әкімдігін тексеруді талап етті. Ал, Тазабекке семинарларын түрмеде өткізуге кеңес берді.