Қазақстанда қыз алып қашқан жігіттерді енді қатаң жазалауы мүмкін

Азамат Ахметов
Көрнекі фотосурет

ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің кеңсесі Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейі, қыз-келіншектер құқығының сақталуы сынды жайттарға талдау жасап жатыр.

Бұл мәселе бүкіл әлемде аса маңызды дейді мамандар. Мәселен, бір жылда әлемде 736 млн қыз-келіншек пен әйелдер зорлық-зомбылыққа шалдықса, соның 640 миллионы 15 жастан асқандар.

«Соңғы 2,5 жылдың өзінде Қазақстандағы ер адамдар тұрмыстық жанжал кезінде 300 қыз-келіншекті өлтірген. 913 рет денеге ауыр жарақат салған. 37 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылды», – делінген аталған орган таратқан хабарламада.

Мамандар елімізде қыздарды алып қашу оқиғаларының азаймай тұрғанына алаңдаулы. Әсіресе оңтүстік облыстарда отбасы құрудың осы жолы жиі тіркеледі екен. Барлық жағдайда қыздардың пікірі мен құқығы сақтала бермейді. Тіпті, еркінен тыс төсек қатынасына түсу оқиғалары да аз емес. Мұның соңы кейде суицидке әкеліп жатады.

2019 жылдан бері қыз алып қашу деректеріне қатысты 214 қылмыстық іс тіркелген. Алайда, еліміздің Қылмыстық кодексінде осындай жағдайға байланысты арнайы бап жоқ. Оқиға адам ұрлау дерегімен тіркеледі екен. Ал, дәстүрі мен салты бізге ұқсас Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде қыз алып қашатындарға заң аясында арнайы жауапкершілік қарастырылған. Бұл өз кезегінде қылмыстың осы түрінің азаюныа алып келген.

Сондықтан, адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қыз алып қашатындарға жазаны күшейтуді ұсынып отыр. Оның бұл ұсынысын Бас прокуратура қолдады.