Freedom Finance Bank қазақтарға қазақша қызмет көрсетуден бас тартты

Азамат Ахметов

Қазақстан нарығына жаңа қосылған Freedom Finance Bank өз клиенттеріне қазақша қызмет көрсеткісі келмейтіндей. Банктің мобильді қосымшасында қазақ тілінде мүлдем ақпарат жоқ. Осыған байланысты клиенттер осынау компанияның иесі, миллиардер Тимур Турловты айыптап жатыр.

Есте болса, былтыр Турлов Қазақстанның азаматтығын алғанын (бұрын Ресей азаматы болған) айтып, енді қазақша сөйлеуді үйренетінін мәлімдеген еді.

Белгілі блогер Ильяс Мыңжасаров болса Турловтың қазақша сөйлей алмайтыны былай тұрсын, ол иелік ететін банк те қазақстандықтарға қазақ тілінде қызмет көрсете алмайтынын жазып, наразылығын білдірді.

Блогердің бұлай деуіне банк менеджері мен клиент арасындағы СМС-диалог себеп болған. Онда банк өкілі «мобильді қосымшаны өзге ұлт өкілдері де қолданатындықтан, тек орыс тілінде ақпарат береміз» деп қысқа қайырыпты.

Желі қолданушылары да Freedom банктің бұл әрекетіне наразылық білдіруде. «Мухоряповпен болған оқиға сендерге сабақ болмапты» деп жазып жатыр көпшілік.