Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

Полиция журналист Сандуғаш Дүйсенованы шешіндіріп видеоға түсірген – әріптесі

Азамат Ахметов

Жуырда ғана ұсталып, қайта бостандыққа шыққан жетісулық журналист Сандуғаш Дүйсенованы полицейлер шешіндіріп видеоға түсірген деп мәлімдеді оның әріптесі Самал Кабышева.

«Ал, достар сонымен Сандуғашты не үшін қамады? Айтсам, күлесіздер... Сандуғаш жалған ақпарат жазып, не болмаса біреуден ақша алып, ұсталған жоқ. Ондай иттік жасаса мен де бұл жерде сіздерге оны жақтап,  шырылдамас едім. Сонымен, не үшін Сандуғашты қамады. Бар болғаны Сандуғаш адам өлтірген қылмыскердің ақпаратын жариялаған. Және ИИН-і көрсетілген дейді. Сол түрмеде адам өлтіріп, 16 жылға сотталған адам менің жеке ақпаратымды жариялады деп, арыз жазыпты. Біздің полиция қылмыскердің арызы негізінде Сандуғашты ұстап,  бірақ қамаған. Іш киімін шештіріп, видеоға түсірген. Мен бұл әрекетті Сандуғаштың сағын сындыруға жасалған іс деп түсінемін», – деп жазды С.Кабышева өзінің Facebook-парақшасында.

Оның пікірінше, 16 жылға сотталып кеткен қылмыскерге Сандуғаштың не жазғаны бәрібір. Бұл жерде кек сақтаған басқа адам осы арызды ұйымдастырған.

«Қоғамдағы әділетсіздікпен күресіп жүрген адам біреудің кегі үшін бұлай күйіп кетпеу керек. Сандуғаштың орны түрме емес. Ол қылмыскер емес. Ол адам өлтірген емес. Ол наркоман емес. Ол қоғам белсендісі. Әділетсіздікке бей-жай қарамайтын адам. Ана. Қарап тұрсам, Сандуғаштың артында тіреп тұрған көкесі жоқ. Шешесі, ағасы екі қызы бар. Болды. Олар өте еңбекқор отбасы. Сандуғаш жүректі, мінезді адам болған соң, ешкімнен қорықпайды», – деген журналист бұл іске Мемлекет басшысының өзін араласуын сұрап отыр.

Акта кетейік, журналист Сандуғаш Дүйсенованың қамалғаны туралы ақпарат 11 тамызда тарады. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабы (азаматтың жеке өміріне қол сұғу) бойынша айып тағылып отыр. 12 тамызда Дүйсенованы ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйіне жібреген.

Сандуғаш Дүйсенова жергілікті билікті өткір сынап, өңірдегі проблемаларды жиі көтеретін журналист ретінде танылған. Былтыр Қаңтар оқиғасында Талдықорғандағы Назарбаев ескерткішінің құлаған сәтін фотоға түсіріп, оның бұл жұмысы MediaCAMP Award 2022 халықаралық жүлдесін жеңіп алды.

ҚазТАГ порталының жазуынша, Жетісу облыстық Полиция департаменті баспасөз релизін таратып, тергеу құпиялығын бұзып отыр.

Сізге қызықты болады