Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

Журналист Сандуғаш Дүйсенованы шешіндіріп камераға түсіру заң аясында жүрді – полиция

Азамат Ахметов

Жетісу облысының танымал журналисі Сандуғаш Дүйсенованы полиция бөлімшесінде шешіндіріп, камераға түсіргенін бұған дейін жазған болатынбыз. Полицейлер өздерінің бұл әрекетін заңды деп отыр. 

Еске салайық, журналист осыдан бір жарым жыл бұрын 16 жылға сотталған қылмыскердің ЖСН номерын әлеуметтік желіде жариялаған. Осыншама уақыт өткеннен кейін түрмеде отырған адам Дүйсенованың үстінен арыз түсіріпті. Сол арыз негізінде 11 тамыз күні полицейлер оны үйінен алып кетіп, уақытша ұстау абақтысына қамаған. Келесі күні ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйіне жіберілді.

Полиция бөлімшесіне жеткізілгенде С.Дүйсенованы тәртіп сақшылары тырдай жалаңаш шешіндіріп, камераға түсірген. Мұны полиция заң аясында жасалған әрекет деп бағалады.

«Сотқа дейінгі тергеу амалдары барысында азамат С.Дүйсеноваға жеке тексеру жүргізілді. Ол қылмыстық процесуалдық кодекстің (ҚПК) барлық талабына сай жүргізілді. Тексеру кезінде криминалист пен екі куәгер болды, олардың бәрі әйел адамдар. Ал, камераға түсіру ол ҚПК-мен бекітілген міндетті процесс», – делінген Полция департаменті таратқан хабарламада.

Алайда, Сандуғаш Дүйсенованың өзі тексеру болған кабинетте криминалист ұстаған камерадан бөлек тағы бір бейнебақылау камерасының болғанын айтады. Яғни, әйелдің шешінгенін Жедел басқару орталығының мамандары көрген болуы әбден мүмкін.

Шешіндіру процесінің қалай жүргенін Orda.kz сайты жазды.

Ал, журналистің адвокаты болса бұл тексерудің заңсыз жүргізілгенін айтып, міндетті түрде шағым түсіретінін жеткізді.

Сізге қызықты болады