Мектеп директоры болса журналистерден "қашып" жүр
Алматының халықаралық мектебінде жеті жасар баланың зорланғаны жайлы «Не молчи» қоғамдық қоры хабарлаған болатын. Мектеп басшылығы мен құқық қорғаушылардан қолдау таппаған ата-ана осы қоғамдық қорға шағымданыпты.
Қор жетекшісі Дина Таңсәрінің хабарлауынша, баласы зорланған ана 13 қыркүйекте арыз айтып келген.
«Ол ұзақ уақыт бойы БАҚ-қа шығудан тартынып, жариялылықты қаламады. 2 апта өтті. Бұл уақыт полицияның тергеу жүргізіп жатқанына, сараптамаға қаулы беріп, осы сараптаманы жүргізіп жатқанына көз жеткізу үшін жеткілікті», - деді Дина Таңсәрі.
Қала полициясы бұл дерек бойынша тиісті сараптамалар тағайындалғанын мәлімдеді.
«Істің объективті мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу іс-шараларының кешені жүргізілуде. Тергеу барысы ерекше бақылауда», - деді Алматы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков.
Сондай-ақ, қылмыстық іс ҚР ҚК 121-бабы 3-бөлігі бойынша Бостандық ауданы жанындағы бөлімде тергеліп жатқаны айтылды.
«ҚР ҚІЖК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге де ақпарат жария етілмейді», - деп қорытындылады полиция.
Яғни, күдіктінің кім екені де айтылмай отыр. Ал, баланың анасы болса педагогтар көмек көрсетудің орнына өзін кінәлағанын айтады.
«Болған жайт қоғамға белгілі болғаннан кейін мектеп басшылығы жиналыс жасап, мені шақырды. Маған қолдау білдіретін шығар деп ойладым. Сөйтсем, керісінше, жұртқа жарияладың деп менің өзімді жазаламақ болды», - дейді жәбірленген баланың анасы Orda.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Аталған ақпарат агенттігі осыған байланысты мектеп директорына хабарласпақ болған. Алайда, журналистер онымен сөйлесу мүмкін болмағанын жазды.