Ол 50 жастан асқанда осындай батыл шешім қабылдаған
50-ден асқан шағында Америкаға көшкен Алматы облысының тұрғыны такси қызметінде жұмыс істеп, екі ай ішінде көлік сатып алған. Бұл туралы оның келіні Гүлжанар әлеуметтік желіде влог түсірген.
Келіншектің сөзінше, атасы жасына қарамастан, ағылшын тіліндегі өзіне қажет сөздерді үйреніп, жұмыстың ебін тапқан.
«50-ден асқан атам Нью-Йоркте жұмыс істейді. Атама Ubereats ұнап тұр. Азанмен @qazaq.republic-тың термосына маманың бал шайын құйып ап, көлігімен жұмысқа кетеді. Жақында алған Kia-сы да үйлесе қалды. Басында тілден қиналса, қазір біраз сөйлемді біліп алған. Аударылмаған сөйлемін скриндап ап, скриндағы сөзді бірден аударып беретін iPhone-ның қызметін де үйренген. Өз табысына өзі риза. Күніне $150-200 тауып, қуанып келеді, кешкісін әңгімесін тыңдап арқа-жарқа боп шәй ішеміз. Бір ебін тапқан жұмыс өзі үшін. Қайраты мен қажыры бізге үлгі», - деп жазды келіні Гүлжанар.
Күйеуі Ербол Молдажанов ағылшынша білмейтін ауыл қазағына Америкада қалай күн көруге болатыны туралы айтты.
«3 ай бұрын мұхит асқан әкемнің бір күндік жұмысын көрсеткіміз келді. Соңына дейін қарасаңыз, Нью-Йоркта тамақ жеткізу арқылы күніне қанша ақша табуға болатынын байқайсыз. Тіл білуден де маңызды нәрсе ол - заңды статус. Жұмысқа рұқсат қағазың мен ssn (біздегі ЖСН) болса, тасың өрге домалады деген сөз. Оны алудың бірнеше жолы бар. Ал ең абзалы - Грин карта. Жасыл карта лотереясына жылына тек бір рет тапсыра аласыз. Өтініш қабылдауға бір-ақ апта қалды. Америкада бірнеше жыл өмір сүріп, білім, тәжірибе, қаражат жинағысы келіп жүрген жандар қапы қалмаңыздар. Бақты бір сынап көрер сәт деп білемін»,- деп жазды ол.