Алматы облысында кішкентай қызды зорлады деген күдікпен 50 жастағы ер адам ұсталды

Азамат Ахметов

Ол екі айға қамауға алынды

Алматы облысының полицейлері кәмелетке толмаған бүлдіршінге қатысты зорлық-зомбылық жасады деген күдіктіні анықтап, ұстады.

«1 қарашада Жамбыл ауданының полициясына Ақсеңгір ауылының 44 жастағы жергілікті тұрғынынан ағымдағы жылдың қазан айында белгісіз ер адамның қызына қатысты жыныстық сипаттағы іс-әрекеттер жасағаны туралы хабарлама келіп түскен болатын», - деп хабарлады облыстық полиция департаменті. 

Аталған дерек ҚР ҚК 121-бабының 4-бөлігі бойынша аудандық полицияда дереу тіркелді. 

«Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 1974 жылғы К. есімді күдікті азаматты анықтап, ұстады. Соттың санкциясымен ұсталған адам сотқа дейінгі тергеу жүргізу кезінде екі ай мерзімге қамауға алынды», - деп мәлімдеді облыстық ПД басшысы Бауыржан Әленов.

Қазіргі уақытта қылмысты тергеуде оның толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында сараптамалық тексерулер тағайындаумен барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.