Әзірге елімізде оны шектейтін заң нормасы жоқ
Қазақстанға көрші Қырғызстан мен Өзбекстан әйелдердің никаб киюіне тыйым салу мәселесін заңмен бекітпекші. Өзбек елі тіпті бұл заңды бұзғандарға қандай жаза қолданатынын да мәлімдеген. Осы орайда отандық журналистер еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан осы жайтқа қатысты ойын сұрады.
«Біздің заңнамада никабқа тыйым салу нормасы жоқ. Заң аясында бұл мәселе әлі реттелмеді. Бетін тұмшалайтындар жайлы біз енді қарайтын боламыз. Себебі депутаттар осыны сауал ретінде жолдады. Қазір оны жан-жақты зерделеп жатыр. Ол алдымен ұлттық қауіпсіздік мәселесі екені айттым ғой. Әрине, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарағанда никабтарға тыйым салған дұрыс», - деді министр.
Еске салсақ, осыған дейін Парламент депутаттары жат ағымдарға заң жүзінде тыйым салу мәселесін белсенді көтерген еді. Оның ішінде никаб тағуды шектеу бастамасын ұсынған.