38 жастағы ер адам екі тәулік бойы іздеуде болған
Жетісу облысының тауларында шекарашылар ер адамды ұстады. Ол 7 қарашада 14 жастағы жасөспірімге қатысты аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген. Қашып жүрген 38 жастағы ер адам екі тәулік бойына іздеуде болған.
Жетісу облысы полицейлерінің мәліметінше, күдікті Сарқан ауданының тауларында Тополевка ауылынан 10 шақырым жерде ұсталған. 38 жастағы ер адам аудандық полицияға жеткізілді. Оны облыстық ҰҚКД Сарқан шекара заставасының шекарашылары ұстады.
«Ұсталған ер адам 7 қарашада 14 жасар жасөспірімге қатысты аса ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінген. Екі тәулік бойы қашып жүрген оны іздеуге бірнеше аудан полицейлері мен облыстық департаменттің жедел қызметкерлері жұмылдырылған», - деп хабарлады полициядағылар.
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, күдіктіні іздеу үшін таулы және дала жерлерді шолып шыққан бірнеше іздеу топтары құрылған. Күдіктіге қатысты бағдар әлеуметтік желіге орналастырылып, өңірдің барлық полиция бөлімшелері оны іздеуге жұмылдырылды. Іздеу іс-шараларына полицейлер арнайы техниканы да тартты.
«Іс бойынша тергеу ҚР ҚК 121-бабының 3-1-бөлігіне сәйкес жүргізіледі (кәмелетке толмағанға қатысты жасалған сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері). Қылмыстық іс ерекше бақылауға алынды», - деп мәлімдеді Жетісу облыстық ПД.