Экс-министрдің өзі қамауда тергеліп жатыр
Әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бірінші әйелі Назым Бишімбаева болған жайтқа байланысты пікірін білдірді деп жазады Tengrinews.kz.
Еске салсақ, 9 қарашада Қуандық Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін өлімші етіп сабап, жәбірленген келіншек жедел жәрдем келгенше көз жұмған болатын. Полиция экс-министрді ұстап, қамауға алды.
Tengrinews.kz Бишімбаевтың бірінші әйелі Назыммен хабарласып, болған жайтқа қатысты пікірін білдірген. Ол Қуандықпен 2020 жылы ажырасқанын, содан бері көп байланыспағанын айтып отыр.
«Бұл өте қорқынышты жайт. Алғашында жұрттар жан-жақтан хабарласа бастағанда шошыдым, не болғанын түсінгенім жоқ», - дейді Назым.
Назым мен Қуандықтың ортақ үш баласы бар. Екеуі бір шаңырақ астында 14 жыл тұрған.
2017 жылы Бишімбаев ірі көлемде ақша жымқырды деп ұсталған кезде Назым оның қоғамдық қорғаушысы болған. 2018 жылы сот Қ.Бишімбаевты 10 жылға бас бостандығынан айырған еді. Ал, 2019 жылы ол түрмеден босап шықты. Екеуі бір жыл ғана бірге тұрып, дәм-тұзы жараспай ақыры ажырасып тынған.
«Біз 2020 жылдың қазанында заңды түрде ажырастық. Оның алдында да бірге тұрғанымыз жоқ. Сирек сөйлесетінбіз. Оның өзінде тек балаларымыз туралы. Ол балаларға көмектесіп тұрды. Бірақ, соңғы жылы мүлдем аз көмектесті. Ал, кеше болған оқиға – трагедия. Мен Салтанаттың туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамын», - деді Назым Бишімбаева.
Айта кетейік, Қуандық Бишімбаев сотталғанға дейін «Бәйтерек» холдингін басқарып, артынша Ұлттық экономика министрі болды. Ол – «Болашақ» бағдарламасының түлегі.