Марқұмның құрбылары Салтанат туралы тараған ақпараттың бәрі жалған дейді
Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қайтыс болған әйелін өзінің туған жері Павлодарда жерледі деп хабарлайды Tengrinews.kz. Марқұмның жаназасы қаланың орталық мешітінде оқылды.
Салтанат Нүкеновамен қоштасуға оның туған-туыстарынан бөлек сыныптастары, құрбылары, отбасылық достары келген.
Марқұмның туыстарының айтуынша, Қуандық оны бұған дейін де жиі соққыға жыққан екен. Ол өте қызғаншақ еді деп еске алады Индира мен Мадина есімді құрбылары.
«Олар бір-бірін жақсы көретін. Үйімізге қонаққа да келген. Көзінде мұң болған жоқ. Бірақ, үйленгелі ол Салтанатты бірнеше рет ұрды. Салтанат кетіп қалып, өзі пәтер жалдап тұрды. Қуандық артынан барып, тізерлеп кешірім сұраған. Біз айттық, мұндай адамдар қоя алмайды, тағы да ұрады деп. Бірақ, Салтанат оны қатты жақсы көрді, кешірді», - дейді Индира.
Құрбылары әлеуметтік желіде Салтанат туралы тараған қауесеттердің бәрін жоққа шығарып отыр. Аяғы ауыр емес еді дейді.
«Оның аяғы ауыр емес-тін және екеуі ажыраспаған. Басқа жігіті болған, басқа күйеуі болған, көзіне шөп салған деген сынды фэйк-ақпараттар тарап жатыр. Мұның бәрі өтірік. Ол өмірінде бір-ақ рет күйеуге шыққан. Осындай жалған ақпараттар туғандарына ауыр тиюде», – дейді марқұмның құрбылары.