Талдықорған полициясының басшысы алдына келген қызды қалай зорлағаны айтылды

Азамат Ахметов

Күдіктінің кабинетінен айғақ зат ретінде қыздың шашы мен полицейдің спермасы алынған

Көрнекі фотосурет

Талдықорған қалалық Полиция басқармасының басшысы қыз зорлады деген күдікпен ұсталғаннан кейін, зәбір көрген бойжеткеннің адвокаты болған жайт туралы кеңінен мәлімдеді.

Бұл туралы Orda.kz тілшісі жазды.

«Қызды полиция басқармасына тыныштықты бұзғаны үшін 12 қарашада таңертеңгі сегізде алып келген. Тергеушінің кабинетінде оны тергеп жатқанда басқарма бастығы көріп қалады да, көңілі ауады. Ол ұсталған қыз менің кабинетіме келсін деп бұйырады. Қыз оған болған жайт туралы айтқаннан соң, бас полицей оны жазаламауға, керісінше бұдан кейін де қорғаны болуға уәде беріп, оның орнына төсек қатынасын ұсынады. Қыз көнбеген соң сол кабинетінде зорлап жіберген», - деді адвокат Нұрлан Молбаев.

Оның айтуынша, бойжеткен қыз сағат 14:00 шамасында келіп шағым айтқан. Екеуі дереу барып Жетісу облыстық Полиция департаментіне және прокуратураға арыз түсіріпті.

Адвокаттың сөзінше, жәбірленген қыз қажетті экспертизаның бәрін өткен. Ал, күдікке ілінген шенді полицейдің кабинетінен айғақ заттар тәркіленіпті, олардың қатарында сперма, қыздың шашы және гигиеналық төсемі бар.

Қазіргі таңда полиция бастығы қамауға алынған. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 2-тармағымен (зорлау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.