Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

«Жақсы сөз айтыңыздар»: Нұрсұлтан Назарбаев інісінің жаназасында халыққа сөз сөйледі

Азамат Ахметов
Азаттық

Сондай-ақ, жасаған қателіктері болса кешірім беруді сұрады

Ауыр дерттен көз жұмған Болат Назарбаевты Алматы облысында ақтық сапарға шығарып салды, деп жазады Azattyq Ruhy. 

Жаназаға еліміздің бірінші президенті мен Үкімет басшысы қатысып, жамағаттың алдында сөз сөйледі. Нұрсұлтан Назрбаев інісінің жомарт, ақкөңіл жақсы адам болғанын айтты.

Оның сөзінше, Болат Назарбаев қайырымдыдықпен көп айналысқан, мешіт салдырып, мектепке көмектескен. Тәуелсіздіктің отыз жылдығында жасалған жұмыстарға да ат салысқан. Айналасындағы адамдарға, көмек сұраған жандарға қол ұшын берген. Оның өмірде қателескен кездері болса кешіріммен қарауды сұрап, соңғы екі жарым жыл қатты ауырғанын айтты.

«Осы ауылда туып өстік. Біз оны жақсы көрдік, ол бізді жақсы көрді. Үйіміздің ең кенжесі еді. Тәуелсіздіктің отыз жылдығында жүз жылға татитын жұмыс жасалды, соның бәрін көрді, еңбек етті. Мектепке, ауылға көмектесті. Мешіт те салдырды. Көп еңбек етті. Ұл-қыз өсірді. Арманы жоқ деп айтуға болады. Бірақ армансыз адам бола ма? Әлі де өмірі алда еді. Екі жарым жыл қатты ауырды, жүре алмады, сөйлей алмады, өздігінен тамақ іше алмады. Қатты қиналды. Қателіксіз адам болмайды. Біздің әулетімізге көңіл айтқандарыңызға көптен көп рақмет. Кешеден бері көп адаммен сөйлесіп жатырмын, жасаған жақсылығы көп. Жақсы сөз айтыңыздар. Еңбек етіңіздер,  отбасыларыңыз аман болсын», - деді көптің алдында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев.

Шамалған ауылында өзінің үйінде өткен жаназаға бірнеше мың адам келді. Қазаға ортақтасып, көңіл айтуға Ермұхамет Ертісбаев, Амандық Баталов, Нұртай Әбіқаев, Алик Шпекбаев сынды көптеген саяси және қоғам қайраткерлері келді. Өнер қайраткерлерінің арасында Біржан Қасанғалиев жүрді. Жаназаның алдында Үкімет басшысы да сөз сөйлеп, қазалы әулетке көңіл айтты.

Алматы облысының наиб имамы уағыз айтып, елден марқұмның қателіктері болса кешірім берулерін сұрады.

Сізге қызықты болады