Ішкі істер министрлігі жауап берді
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Сенаттың жалпы отырысының кулуарында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты түсініктеме берді.
Айта кетейік, бұған дейін аталған істе тергеушінің бірнеше рет ауысқаны туралы ақпарат тараған болатын.
«Ондай мәлімет жариялауға жатпайды. Бірінші күні оқиға орнына кезекші тергеу тобы жіберіледі. Ертеңінде тергеу басқа маманға тапсырылуы мүмкін. Сондықтан осындай мәлімет тарап жатқан шығар. Қайталап айматын, бірінші күні оқиға орнына арнайы топ шығады. Одан кейін (іс) арнайы бір адамға тапсырылады. Оның жанында тағы тергеушілер болады. (Қылмыстық істі) жалғыз бір адам тергемейді, топ болып тергеуі мүмкін», - деді Қожаев.
Ол атағандай, сот медициналық сараптамасы әдетте бір ай жүргізіледі.
«Өздеріңіз естіп жатырсыздар, бірнеше адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Соның нәтижесінде кім қандай жауапқа тартылады, (оның кінәсі) анықталады», - деді ол.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары нақты қанша тергеуші ауысқанын айтпады.