Мемлекеттік айыптаушы бұл үкімге апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді
Алматы гарнизоны әскери сотының үкімімен Арман Жұман ақталып шықты. Ол бұған дейін Қаңтар оқиғасында кішкентай қызды атып өлтірді деп айыпталған болатын.
ҚР Бас әскери прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлағандай, оған сондай-ақ, тағы екі адамға дене жарақатын салды деген айып тағылған.
«Сот жарыс сөзі барысында мемлекеттік айыптаушы Жұманды кінәлі деп танып оған 7 жыл бас бостандығын айыру жазасын тағайындауды сұраған. Сот үкімін бұзу үшін прокурор апелляциялық өтініш хат келтіреді», - делінген ведомство хабарламасында.
Еске салайық, қайғылы оқиға 2022 жылдың 7 қаңтарында кешкі сағат 19.00 шамасында кішкентай Айкөркем отбасымен бірге азық-түлік сатып алуға кетіп бара жатқанда болған. Алматы қаласының Сейфуллин-Сәтбаев қиылысында олардың көлігіне оқ жауған. Төрт жасар қыз басына оқ тиіп, оқиға орнында қаза болған, оның 15 жастағы әпкесі мен 18 жастағы ағасы жарақат алды.