Қазақстанда 10,1 мыңнан астам адам іздеуде жүр

Азамат Ахметов

Олардың 2 мыңнан астамы із-түссіз жоғалғандар

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері бойынша, қазіргі уақытта еліміз бойынша 10 178 адамға іздеу салынған.

Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, іздеу салынғандардың 2 098-і – хабар-ошарсыз жоғалғандар. 

Жоғалған адамдардың көп бөлігі: 

• Алматы қаласы - 278; 

• Қарағанды облысы - 217; 

• Павлодар облысы - 170; 

• Алматы облысы - 152 тіркелген. 

Сонымен қатар:

• үйден кетіп оралмаған - 1 572 адам; 

• автокөлікпен жоғалған – 73; 

• жұмыстан кетіп, қайтып оралмаған 38 адам іздеуде жүр. 

Көбінесе 30 -дан 49 жас аралығындағы ер адамдар әртүрлі жағдайларда жоғалады (77%). 

«Сондай-ақ елде тергеу мен соттан жасырынған 2 378 адам іздестіріліп жатыр», - делінген прокуратура хабарламасында. 

Іздестірілуде жүргендер негізінен 31 мен 40 жас аралығындағы ер адамдар (89%). Олардың ең көп саны алаяқтық (526), ұрлық (309) және адам өлтіру (143) дерегі бойынша: 

• Алматы қаласында (496); 

• Астана қаласында (183); 

• Шымкент қаласында (149); 

• Алматы (164); 

• Қарағанды (148) облыстарында іздестірілуде. 

Қазақстанда іздестіруді ішкі істер органдары, экономикалық тергеу қызметі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жүзеге асыратынын еске саламыз.