Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

Таразда оқушы қыз құрбысының тамағын пышақпен орып жіберген

Азамат Ахметов
Көрнекі фотосурет

Мектептің басшысы мен сынып жетекшісі қызметтен кетті

Жамбыл облысында мектеп оқушысы құрбысының тамағын пышақпен орып жіберген. Жантүршігерлік жағдай қаладағы №35-мектепте болған. Қазір қыз облыстық психикалық денсаулық орталығына жатқызылды, деп хабарлады 31-арнаның «Информбюро"жаңалықтар бағдарламасы.

Бір апта бұрын оқушы сыныптасын серуендеуге шақырып, күтпеген жерден пышақ сермеген. Тергеу барысында қылмысқа барған қыздың ұялы телефонынан өлім-жітім, қанды оқиға жайында кинолар шыққан. Сорақысы, 9-сынып оқушысы бір күн бұрын дайындалып, ас үй пышағын арнайы сатып алғаны анықталды.

«Пышақты бір апта бұрын дүкеннен алған. Құрбысын серуендеп қайтайық деп шақырып алған. 6-шағын ауданның 29-үйінің артқы жағында күн бататын кезде осы әрекетін іске асырған. Полиция бөлімі анықтау жүргізгенде телефонынан жантүршігерлік қанды кинолар көргені анықталды. Өзі болса «ішкі дауысым осылай істе деп айтты» деп отыр», – деді №35 орта мектебі құқықтық тәрбие жөніндегі директордың орынбасары Ғабит Кадеров.

Оғаш қылыққа оқталған оқушы осылайша құрбысының тамағын осып жіберген дейді білім ошағындағылар. Суық қару күре тамырға сәл жетпей қалған.

«Пышақтың ұшы кірген. Егер тағы 1-2 миллимметр терң кіргенде жарақат ауыр болар еді. Күре тамыр кесіліп те кетуі мүмкін еді. Жәбірленген қыз қазір тәуір, оның жарақатын тігіп, үйіне жіберді», – деді сынып жетекшісі Шолпан Жаркиева.

Күдіктінің анасы сол түні қызы қан жоса болып келгенін айтады. Жеткіншек болған жайды тылсым ішкі дауыстың бұйрығымен орындадым депті. Белгілі болғандай, оқушы бұған дейін бірнеше мәрте өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Бірақ анасы бұл жайлы ешкімге тіс жармаған.

«Шок алған. Сол пышақты қалай ұстағанын білмейді. Былай бәрі кесілген. Өзінің қолын кесіп тастаған. Сөйтіп үйге қан-қан болып келді. «Мама, мен жасаған жоқпын» деді. «Маған ішкі дауыс жаса деп айтты» дейді. Дауыс шудың арасынан нақты естілді, «жаса, дайындал, мынаны ал, мынаны ал» деп тұрды деп айтып келді», – деді қыздың анасы Назгүл Дінбаева.

Қызының жаман атын шығармас үшін анасы оны ауруханаға жатқызудан бас тарттым дейді. Өзі сол мектепте тарих пәнінен сабақ береді. Осылайша дәрігерге де, молдаға да оқытып көрген.

Бірнеше мәрте мектеп, сынып ауыстырып, оңалып кетер деп үміттенген. Бірақ, қызы ішкі дауыстардың маза бермей, соңғы кезде жиілеп кеткенін айтқан.

Полиция жағдайға қатысты іс қозғап, тергеуді бастады.

«Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Жәбірленуші тиісті медициналық көмек көрсетілгенннен кейін үйіне жіберілді. Қалған мәлімет қылмыстық процесуалдық кодекс бойынша жариялауға жатпайды», – деп мәлімдеді Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Алмаз Саламатов.

Қазір күдікті облыстық психикалық денсаулық орталығына жатқызылды. Дәрігерлердің диагнозынан Полиция департаменті нақты шешім шығарады. Оқушының ахуалын біле тұра жасырған мектеп басшысы мен психолог өз еркімен жұмыстан шеттетілді.

Сізге қызықты болады