Түркістан облысының прокуратурасы Жетісай ауданы Атамекен ауылы әкімдігі мен жұмыспен қамту орталығында 24 млн теңгеден астам жымқыру схемасын анықтады.
Жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері адамдарды қоғамдық, оның ішінде жастар практикасы шеңберінде жұмыстарға сырттай тартып отырған.
«Жұмыссыз мәртебесін алған 30-дан астам адам іс жүзінде қандай да бір қоғамдық жұмыстарды орындамаған және бұл туралы білмеген.
Лауазымды тұлғалар жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтарды заңсыз шығарған және ай сайынғы жалақыларын «Қазпошта» АҚ мен банктердегі шоттарына аударып, кейіннен басқа тұлғалар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған», - делінген хабарламада.
Орталық пен әкімдік қызметкерлері өздерінің туыстары мен таныстарын құжат рәсімдеу арқылы қоғамдық жұмыстарға тартқан.
Облыс прокуратурасы материалдарды ақпаратты есепке алу кітабында тіркеді және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыру үшін аумақтық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне тапсырды.