Қазақстандықтардың табысы: мегаполис пен ауыл халқының тұрмысы қандай?

Азамат Ахметов
Фото: freepik.com

Қазақстандықтардың ақшалай табысы 2023 жылдың үшінші тоқсанында жан басына шаққанда орташа есеппен 298,2 мың теңгені құрады. Бұл 2022 жылдың үшінші тоқсанымен салыстырғанда 21,5%-ға артық. 2023 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда халықтың табысы 5,1% - ға өсті, деп хабарлайды Qonaev.info Finprom.kz-ке сілтеме жасап.

Ал 2023 жылдың үшінші тоқсанындағы инфляция деңгейі жылдық мәнде 12,9% және алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 1,7% -ды құрады.

Республика бойынша кірісі орташа табыстан жоғары 9 өңір белгілі болды.

Ең жоғары көрсеткіш Астанада екен: жан басына шаққанда орташа есеппен 430,3 мың теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 27% - ға артық.

Екінші орында Алматы. Ондағы халықтың табысы бір жылда бірден 34,1% - ға өсіп, 392,1 мың теңгені құрады.

Қарағанды облысы үштіктің ішінде. Бір адамға шаққандағы табыс - 379,7 мың теңге, ал бір жылдағы өсім - 14,2%.

Бестікке: Шығыс Қазақстан (361,4 мың теңге) және Ұлытау (353,3 мың теңге) облыстары кірді.

Табысы ең аз халық Түркістан облысында - жан басына шаққанда 212,5 мың теңге. Одан кейін Жамбыл облысы (213,7 мың тг), Шымкент (221,8 мың тг), Қызылорда (226,3 мың тг) және Жетісу (227,9 мың тг) облыстары.

Айта кетейік, халық табысының 75% - ы еңбек қызметінен түскен: Бұл шамамен 223 мың теңге. 2022 жылдың үшінші тоқсанымен салыстырғанда 23,6% - ға артық. Оның ішінде 193,6 мың тг жалдамалы жұмыстан түскен кіріс болса, 29,4 мың теңге дербес жұмыспен қамту және кәсіпкерлік қызметтен түскен кірісті құрады.