Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты өтіп жатқан сот отырысына бүгін сот-медициналық сарапшы Тахир Халиназаров келіп тың деректерді айтты, деп деп хабарлайды Qonaev.info.
Ол Нүкенованың өліміне қатты соққылардың әсер еткенін алға тартты.
«Есі бар, ояу адам басынан мұндай жарақат алмайды. Кездейсоқ құлап кетсе де, ол міндетті түрде басын рефлекторлы түрде қорғап құлайтыны анық. Адам биіктен құлап кетсе, онда басын қорғай алмайды. Бірақ жерде тұрған адам басын жерге соғып, мұндай зақым ала алмайды», - деді Тахир Халимназаров.
Судья Айжан Көлбаева сарапшыдан “оны қылқындырған ба?” деп сұрады. Халиназаров “қылқындыру белгілері бар” деп жауап берді. Судья одан қарапайым тілмен түсіндіруді өтініп, “соққылардан кейін қылқындырған ба?” деп қайта сұрақ қойды. Эксперт “иә” деп жауап берді.
Медсарапшының сөзінше, мұндай жарақаты бар адам ұйықтап жатпайды. Пайымынша, марқұм ол кезде ес-түссіз жатқан.
«Адамның жүрегі тоқтамайынша, зат алмасу процесі жүреді және мұндай кезде қан жиналуы мүмкін. Бас жарақаты болса, ол жеткілікті тыныс ала алмайды. Яғни гипоксия болады. Бұл жерде оның тынысы тарылған», - деді ол.