Астана сотында экс-министр Қуандық Бишімбаев пен оның інісі Бақытжан Байжановқа қатысты іс қаралып жатыр. Бүгінгі сот отырысында Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов судья Айжан Құлбаеваға тағы да қарсылық білдірді, деп хабарлайды Qonaev.info.
15 сәуірде адвокат Ерлан Ғазымжанов «Мен төрағалық етушіге тағы да қарсылық білдіремін. Қорғау тарапы өтінішхат жолдайтын кезде процесті бөліп, сотталушыдан жауап алуға көшіп жатырсыз. Оған қарсылық білдіремін, біздің құқығымызды шектеп жатырсыз», деді.
Қорғау тарапының қарсылығын сот негізсіз деп санайды. Соған байланысты қабылданбайды. Өткен сот отырысында сотталушы Байжанов жауап берді, тараптардың оған сұрақтары бар. Жауап алу аяқталған жоқ. Қорғау тарапына Байжановтан жауап алу аяқталған соң өтінішхат жолдауға құқылы екені түсіндірілді. Алайда соған қарамастан қорғау тарапы негізсіз қарсылық білдіріп, алқабилерді шатастыруға тырысып жатыр, - деді судья Құлбаева.
Айта кетейік, 11 сәуірде Астана сотында Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов судья Айжан Құлбаеваны ауыстыруды сұрады. Алайда қорғау тарапының бұл өтініші қабылданбады.
Күдікті Қ.Бишімбаевқа тағылған айып:
ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағы, адам өлтіру, басқа адамға қатысты құқыққа қарсы қасақана аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру, ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігінің;
1) тармағы бойынша кiнәлi адамға материалдық жағынан тәуелдi адамға қатысты жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылған.
Күдікті Бақытжан Байжановқа тағылған айып:
ҚК-нің 432-бабы, аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу және ҚК-нің 434-бабы, белгілі аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау фактісі бойынша айып тағылған.
2023 жылдың қарашасында экс-министрге өз әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деген айып тағылды. Оған ҚР ҚК 110-бабының 2-бөлігі (Азаптау) және 99-баптың 2-бөлігі (Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру) бойынша айып тағылған.