Алматыға күн сайын кіретін 700 мыңға жуық көліктің жартысынан астамы такси қызметін атқарады екен
Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов Мәжілістің жалпы отырысында заңсыз такси қызметімен айналысатындарға байланысты депутаттық сауал жолдады.
«Біздегі техникалық тексеру орталықтарының басым бөлігінің берген сараптамалары жалған. Олардың қолына ақша қыстырсаң болғаны қалаған құжатыңды аласың. Көлік ол жерге көз қылып кіреді де шығады. Сондықтан да ескі машиналар техникалық жағынан сын көтермесе де трассада жүр. Оң рульді көліктердің көбеюі немесе оң рульді көлікпен адам тасымалдау бизнесінің артуы белең алып барады.Оң рульді көліктердің еш техникалық қауіпсіздікті сақтамастан, заңсыз жолмен сол бетке ауыстырылуы, нәтижесінде техникалық ақаудың орын алуы, жол апатының болуына алып келеді. Индрайвер, Яндекс, арнайы жарнамалау арқылы заңсыз адам, жүк таситын жабайы таксилердің көбеюі, қала аралық такси бизнесінің көлеңкелі экономиканы күшейтуі салдары жолға қойылмай отыр», - деді ол.
Депутат атағандай, статистика бойынша Алматыға күніне кіретін 700 мыңға тарта көліктің жартысына жуығы қалаға таксилетіп ақша табу мақсатымен келеді.
«Нәтижесі республикамызда жол көлік оқиғасы көп болатын аймақтар басында Алматы қаласы тұр. Жыл басынан бері аталған сегіз ай ішінде онда 826 оқиға тіркелген. Үштікті Алматы және Жамбыл облыстары тұйықтайды», - деді Саурықов.