Жемқорлардан тәркіленген қаражатқа халыққа баспана салынуы мүмкін

Азамат Ахметов

Бұған дейін мектеп салынады делінген

parlam.kz

Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев жемқорлардан тәрікленген ақшаға халықтың баспана проблемасын шешу керек деген ұсынысын айтты.

Депутат Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында кедей отбасыларды орта тапқа қосу жайлы айтты.

«Жыл сайын бізде 40-50 мың адам баспана кезегіне тұрады. Жыл сайын әлеуметтік осал топтарға 9 мың баспана беріледі. 640 мыңның пайыздық көрсеткіші бойынша бұл 1,5 пайызды құрайды. Бұлай біз мәселені шеше алмаймыз. Сондықтан қосымша қаражат қарастыру керек. Егер осыған дейін жемқорлардың қаржысына мектеп салынса, ол қаражатқа баспана салуды ұсынамын. Үкіметтен көп әріптесіміз Еуропада тұрғындар жалдамалы пәтерде тұратынын айтады. Бірақ біз басқа мемлекетпіз ғой. 640 мың адамның 250 мыңы кедей тұрады. Олардың қаражаты тек жалға алатын пәтерге ғана төлейді. Егер біз оларды қолдап, орта тапқа қоспасақ, олар экономикалық еркін бола алмайды», - деді ол.

Елнұр Бейсенбаев кедейлерді баспанамен қамтып, оларды орта тапқа қосудың амалдарын да қарастырып жатқанын айтты.

«Қазір бөлініп жатқан 70-80 млрд теңге қаражат - өте аз. Әкімдіктер тарапынан халықтан әртүрлі шағымдар көп түседі. «Отбасы банкке» мониторингтік қосып беру жемқорлық рискін азайтуға мүмкіндік береді. «Отбасы банк» соңғы уақытта цифрландыруды күшейтті», - деді Елнұр Бейсенбаев.