Бұған дейін компанияға әлемдегі ең бай адамдардың бірі Лакшми Миттал иелік еткен
Қазақстан үкіметі атышулы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын 286 млн долларға сатып алды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жаңа инвестордың кім екенін айтты.
«Ешқандай да шетелдік инвестор қатыспайды. Кәсіпорынды қазақстандық инвестор иеленіп, басқаратын болады. Бұл ретте 3 жыл ішінде инвестициялардың жалпы көлемі шамамен $3,5 млрд-ты құрайды және жақын арада кәсіпорынның операциялық жұмысын жақсартуда инвестициялар көлемі $1 млрд-тан асатын болады. Жаңа инвесторға келсек, ол Allur компаниялар тобы, Андрей Сергеевич Лаврентьев. Олар алдағы бір-екі күнде тікелей иелік етеді», - деді Шарлапаев.
Андрей Лаврентьев Алматыда дүниеге келген. «Allur Group» компаниялар тобының Директорлар кеңесінің төрағасы, оның құрамында «Агромашхолдинг» және «СарыарқаАвтоПром» ЖШС бар. Компаниялар тобы Chevrolet, KIA, JAC және LADA автобрендтерінің Қазақстан аумағындағы ресми өндірушісі және дистрибьюторы.