Алматыда қаңтардың 23-і күні болған 5 балдық жер сілкінісінен кейін, тұрғын үй нарығы құбыла бастады. Алдымен арендаға сұраныс артса, қазір жоғары қабаттағы пәтерлердің бағасы біртіндеп түсіп жатыр, деп хабарлайды Qonaev.info.
Ivitrina_almaty жылжымайтын мүлік сатумен айналыстан агенттіктің мәліметінше, пәтер бағасы 5 миллион теңгеге дейін арзандаған.
«Сегізінші қабаттан жоғары қарай пәтерлердің бағасы түсті. 8-10 пайыз көлемінде. Қалған этажда 5 пайыздан түсті. Ол үйдің тұрған жеріне де байланысты. Шалғайда тұрған үйлер бар, олардың бағасы көп түсті, орталықта тұрғандардың бағасы 5 пайыздан артық түскен жоқ», - дейді Қазақстан риелторлар қауымдастығы директорлар кеңесінің мүшесі Жәрдем Ақбисенов.
Жәрдем Ақбисенов, Алматының іргесіндегі жер телімдерінің бағасы да кем дегенде 1 миллион теңгеге қымбаттағанын айтып отыр. Сондай-ақ, жер үйге сұраныс артып, мүлік бағасы 3-4 миллион теңгеге өскен.
«Пайыздық есеппен қарағанда 10 пайыздай сұраныс жер үйге болып тұры. 12-13 пайыздай сұраныс өзінің өзінің көп қабатты үйлерін сатып жер үйге ауысқысы келеді, 85 пайызымыз шүкіршілік етіп отыр енді. Барлығы жер үйді қарайды, сосын ипотекаға қарайды. Сосын этаждағы үйлерін сатып беруді сұрайды. Дәл қазір көп адамның қалтасында нақты ақша жоқ», - дейді ол.
Krisha.kz сарапшыларының соңғы зерттеуіне қарасақ, елімізде үш жыл ішінде пәтер бағасы 40%-ға қымбаттаған. 2021-2024 жылдар аралығындағы ұсыныстарға талдау жасаған мамандар, жаңа үйлердің құны барлық өңірде өскенін алға тартып отыр.