Қазақстанның батыс өңірінде әскери техникалар тиелген жүк көліктерінің Ресейге кетіп жатқаны туралы әлеуметтік желілерде ақпарат тараған болатын, тіпті фотолары да жүктелген. Қазақстанның Қорғаныс министрлігі бұл ақпараттың шындыққа толық сәйкес келмейтінін айтып ақталды.
Министрліктің ресми мәліметінше, аталған көліктер расымен де Қазақстан территориясынан Ресейге бет алған және шынында да онда әскери техникалар тиелген. Бірақ, ол техниканың ешбірі Қазақстанға тиесілі емес дейді Қорғаныс министрлігі.
«Қазақстандық әскери техниканы Ресейге жөнелтіп жатыр деген мәлімет шындыққа жанаспайды. Аталған әскери техниканың Қазақстанға қатысы жоқ, бұл халықаралық уағдаластықтар шеңберінде Қазақстан аумағы арқылы Ресейге жоспарлы жөндеу жүргізу үшін жіберіліп жатқан үшінші елдің меншігі», – делінген министрлік таратқан хабарламада.