Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Кабар» агенттігіне берген сұхбатында қазақ ақыны Біржан Қалдыбаевқа жасаған сыйы туралы пікір білдірді.
Көкбөрүден (көкпар – авт.) әлем чемпионатының ашылуында Жапаров қазақ ақынына асыл тұқымды жылқы сыйлайтынын айтып, бір аптадан соң сый-сияпат жасаған болатын.
Қазақстан айтыскерлері одағының бірінші орынбасары әрі Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев болса бұл сыйлықтың орынсыз берілгенін айтып, өз әріптесін қатаң сынады.
АкиPress басылымының хабарлауынша, Садыр Жапаров әлеуметтік желіде Әлтаевтың үндеуін оқыған. Президент қазақтың ақын-депутатының айтқанына қосылмайтынын мәлімдеді.
«Біріншіден, елші мен әнші өлім жазасына кесілмейді дейді. Елшілер маңызды мемлекетаралық істерді жүргізеді. Әншілер, әсіресе, ақын-импровизаторлар болып жатқан жайтты өздері үшін жырлайды: сын айтады, мақтайды, сұрайды. Бұдан кемшілік немесе саясат іздеудің қажеті жоқ. Екіншіден, ақын-импровизатор Біржан Қалдыбаевтың да мен қазақпен бірге болғанымдай қырғыздармен туыстығы бар. Арғы атам Солтонкүл қазақтың қызын алған, әжем Нооша қазақ. Ақын екеуміз бір-бірімізді немере ағайын деп айта аламыз. Үшіншіден, біз қырғыздар мен қазақтар, сөзге өте ұқыптымыз. Егер мен қазір ат бермесем, ол келешекте әндерінде осыны жиі айтар еді. Тікелей эфирде оның маған арнаған сөздерін естімегенімде, бұл басқаша болар еді», - деді Қырғызстан президенті.
Садыр Жапаров Әлтаевқа тырнақ астынан кір іздемеуді тұспалдаған.
«Бар болғаны ақын жиенімнің сөзіне қалмайын деп таза қанды жылқы мінгіздім. Шынымды айтсам, Біржан Қалдыбаевтың қандай ақын екенін білмеймін. Біз оны бұрын танымайтынбыз. Оны көше ақыны деп атаған. Ол әлі жас. Шығармашылық жағынан өсіп, елге танылуы үшін қолдау көрсетуіміз керек. Қазақ пен қырғыз бір-біріне қолдау көрсетуі керек. Қазір әлемде жағдай ушығып барады. Халықтарымыздың арасына іріткі салғысы келетіндер де бар. Біз мұндай қателіктерден алыс болуымыз керек. Достығымыз берік болсын», - деп қосты президент.