Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

Тоқаев 2020 жылы мемқызметкерлердің санын 25% қысқартуды тапсырған, қазір керісінше саны артты

Азамат Ахметов

Саясаттанушы министрлер мен әкімдердің орынбасарларын қысқарту керек деп есептейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылға дейін еліміздегі мемлекеттік қызметкерлер санын 25 пайызға қысқартуды тапсырған болатын. Алайда, сол уақыттан бері олардың саны керісінше өсіп барады деп мәлімдеді саясаттанушы Санжар Боқаев.

«2024 жылға дейін елдегі мемқызметкерлер мен ұлттық компания қызметкерлерінің санын 25 пайызға дейін қысқартуымыз қажет», - деген еді Мемлекет басшысы Парламенттің бірлескен отырысы барысында.

Алайда, Үкімет президенттің бұл тапсырмасын орындау былай тұрсын, бәрін кересінше жасап жатқан сияқты.

«2020 жылы елдегі мемқызметкерлердің саны 88 мыңнан асса, қазір – 2023 жылы 90 мыңнан асады. Яғни, қысқарудың орнына керісінше өсіп жатыр», - дейді Санжар Боқаев.

Саясаттанушы елде орынбасарлардың тым көп екеніне де тоқталды. 

«Осыған байланысты келесіні ұсынамын: біздің елде орынбасарлар өте көп. Артықтарын қысқартып тастайық. Мәселен, Дания үкімет басшысының бір ғана орынбасары бар. Ал, біздің Премьер-министрде 6 орынбасары бар. Ал, әр министрде бес орынбасардан бар. Облыс әкімдерінің де 4-5 орынбасары бар. Тіпті, ауыл әкімдерінде де орынбасар бар.

Барлық органда бір ғана орынбасар болу керек. Аты айтып тұрғандай, орынды бір ғана адам басады ғой…

Әр орынбасардың қызметтік көлігі бар. Енді бүкіл елде осы орынбасарларды қысқартып тастасақ қаншама ақшаны үнемдейміз. Мәселен, бір вице-министрдің автокөлігіне бір айда 1,1 миллион теңге шығын кетеді. Бұған жүргізушісі, көмекшісінің жалақысын қосыңыз.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, жаңа министрлік құрғанның орнына, қолда бар қызметкерлердің тиімділігін тексеріңіз. Сол кезде министрліктер мен комитеттерде қызметкерлердің саны тым көп екеніне көзіңіз жетеді», - деп мәлімдеді Боқаев өзінің YouTube-каналында.

Сізге қызықты болады