Теріс діни ағымдар 2002-2004 жылдары белсенді жұмыс істеген
Депутат Ермұрат Бапи Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында жат ағым елімізде қалай етек жайғаны жайлы айтты.
«Дәлелді алыстан іздеудің не қажеті бар? Кешегі Қазақстанда пайда болған қазір дамып өркендеп, діни емес, бір саяси күшке айналған уахаббизм және салафизм идеясының негізгі қолдаушылары, дем берушілері, қаржыландырушылары – Қайрат Сатыбалды. Бұдан артық қандай дәлел керек», - деді ол.
Ол Қайрат Сатыбалды өзінің ағасы, ескі Қазақстанның ишаратынсыз, қолдауынсыз ешқашан ондайға бара алмайтынын айтты.
«Менің ойымша, қоғамда осындай пікір бар. Қазақстанға теріс діни ағымдар 2002-2004 жылдары Нұрсұлтан Назарбаевтың ишарасымен, ымдауымен келген. Себебі уахабизмде «Патшаға қарсы шықпа» деген сөз бар. Осының өзі сол кезде жеке дара билікті қолдаудың бір құралы ретінде пайдаланылды. Осылайша, Қазақстанды діни негізде бөлшектеу басталып кетті. Уахабизм-салафизмі бар, құранидтері бар, қазақ халқын ұлттық негізде біріктірмеу керек болды. Діни негізде бөлшектеп жіберіп, бөліп билеу идеологиясы қолданылды», - деді Ермұрат Бапи.
Айта кетейік, бүгінгі Мәжіліс отырысында депутат өңірлерде салафизм қолдаушыларының көбейгенін айтып дабыл қаққан болатын.