Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

Мемлекеттік билікте уахабизмді қолдайтын лауазымды тұлғалар бар – Ермұрат Бапи

Азамат Ахметов

Депутат өңірлерде салафизм ұстанушыларының көбейіп бара жатқанына алаңдаулы

Мәжілісте депутат Ермұрат Бапи теріс діни ағымды қоғамда насихаттап, іріткі салып жүргендер жайлы депутаттық сауалында айтты.

«Біздің елде дәстүрлі діндердің дамуына барлық мүмкіндік жасалған. Салынып жатқан мешіттер мен храм-шіркеулердің санында шек жоқ. Үлкен қалаларда мектеп салатын қуыс қалмаса да, мешіттер мен шіркеулер салатын жер табылып жатыр. Қазақ халқының рухани дүниесі мешітпен емес, мектеппен бірге, өнер ордалармен қатар дамуы керек еді», - деді ол.

Оның айтуынша, соңғы бірер жылда Ислам дінін жамылған жат ағымдар қазақстандық қоғамға әлеуметтік-тұрмыстық жарықшақ салып, ол саңылау барған сайын кеңейіп барады.

«Тіпті, қоғамның шырқын бұзып, мемлекеттік тұтастыққа ауыз сала бастаған бұл жарықшақ қазақ халқының ұлттық бірлігі мен ұлттық даму дәстүріне және мың жылдық қазақи ислам салтына қарсы шабуылға айналған сыңай танытады. Бұл теріс діни үрдіс саяси сипат алып бара жатқан жоқ па деган де қатер бар. Себебі халықтың кемшін діни білім-танымын пайдаланған теріс топ жанталасып, бізге жалған рухани құндылықтар мен бөтен дәстүрлерді сіңіру қамын жасауда. Мысалы, бір ғана соңғы дерек: Парламент депутаты Ринат Зайытовтың азаматтық пікіріне қарсы шабуылдар осындай саяси қатердің сипатын сездірсе керек. Қоғамды арабтық-уахабтық діни ұстаным негізде бөлшектеуге бағытталған бұл әрекеттерге біздер – депутаттар жайбарақат қарап отыра алмаймыз. Біз мыңжылдық домбыраны харам қылуға жол бермейміз. Бұл әрекеттер елдің ұлттық құндылықтар жүйесі мен рухани негізіне жасалып жатқан шабуыл деп түсіну керек», - деді ол.

Депутат атағандай, бір өкініштісі, салафилік ағым Қазақстанның біраз аймағында: әсіресе Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірінде етек жайып барады.

«Бұл өңірлердің шағын бизнестің, әсіресе базар саудасы төңірегін уахабшылар – салафизмге табынушылар басып барады. Яғни, бұл теріс сектаның дамуына кеңінен мүмкіндік беріп, жан-жақты жағдай жасап отырған жергілікті билік өкілдері бар деген сөз. Жасыратыны жоқ, уақытында елге танымал азаматтар, оның ішінде депутаттар да қоғамға салафизм мен арабизацияны енгізуді тырысты. Жақтаушылар іздеп, қолдаушылар тапқандары да бар. Сондай-ақ, мемлекеттік биліктің өз ішінде де уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын лауазымды қызметкерлер бар деген дерек менің құлағыма жетті», - деді ол.

Сізге қызықты болады