Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

«Блогерлердің қызметін реттейтін заң қабылданды»: заңға бағынбағандар қалай жазаланады?

Азамат Ахметов
Фото ашық дереккөзден

Желіде жалған ақпарат тарататындарға да жаза бар

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде кәсіпкер ретінде қызмет етіп жүрген блогерлерге үндеу жасады. Ол жаңа қабылданған заң жобасы аясындағы жауапкершілікті түсіндірді.

Балаева атағандай, елімізде қауіпсіз онлайн ортаны құруға бағытталған «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» заңға қол қойылды.  

Аталған заңдағы негізгі құқықтық тетіктердің бірі – желідегі жарнаманы таңбалау міндеті. Әлемнің жетекші елдері онлайн жарнаманың маңызды рөлі және оны интернетте таратуға ерекше мән береді. Қазақстанда коммерциялық материалдарға жарнама деген белгі қою – негізгі талаптардың бірі.

«Аудитория таратылып отырған ақпараттың ақылы жазылғанын білуі тиіс. Сонымен қатар, тамызда біз онлайн жарнаманы таңбалау ережелерін жарияладық. Онда жарнамалық материалдарға арнай белгі қою міндеттері бар. Соған сәйкес, ақылы материалдар мемлекеттік немесе орыс тілінде ұсынылатын нұсқалардың бірімен белгіленуі қажет. Мысалы, жарнама-реклама, жарнамалық материал – рекламный материал, серіктестік материал – партнерский материал, демеушлік материал – спонсорский материал, жарнама құқығында – на правах рекламы, демеушімен төленген – оплачен спонсором, PR құқығында – на правах PR деген белгілері болуы қажет. Интернеттегі жарнаманы таңбалау әлемдік тәжірибе үшін ғана қолға алынған жоқ. Бұл әлеуметтік желідегі нарықтық қатынастар мәдениетін қалыптастыру үшін қажет», - дейді Балаева. 

Сонымен қатар, министр елімізде тексерілмеген ақпаратты таратқан әлеуметтік желі қолданушысына да жауапкершілік қарастырылғанын айтты. 

«Құқықбұзушылықтың ауырлығына қарай әлеуметтік желі қолданушылары әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Егер құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, 10 тәулікке қамауға алынады немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Біз жалған ақпаратты анықтау үшін тәулік бойы мониторинг жүргіземіз. Бәріміз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды, қылмыстық және азаматтық кодексті сақтау керектігін ұмытпауымыз керек», - дейді министр.

Сізге қызықты болады