Кітапта Путин туралы айтылған тарауы да бар
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев жуырда ғана жарыққа шыққан кітабының бір данасын Ресей президенті Владимир Путинге сыйға тартты деп хабарлады ТАСС.
«Нұрсұлтан Әбішұлы өз кітабын Владимир Владимировичке жолдады. Ол міндетті түрде президентке беріледі. Бұл авторлық экземпляр», - деді РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
Назарбаев аталған кітабында екінші әйел алғанын мойындаған. Атап айтқанда, Әсел Құрманбайға қалай ғашық болғанын, танысқанын жаза келе, онымен мұсылманша некелескенін, екеуінің екі ұлы бар екенін айтады.
Сондай-ақ, «Менің өмірім» деп аталатын аталған кітапта Путинге қатысты бір тарау бар. Онда Назарбаев әріптесін «сөз бен істің адамы» деп суреттейді.
Кітап 1 желтоқсан күні таныстырылып, 7500 тиражбен сатылымға шықты.