Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқов шығарған «Менің Қазақстаным» әнін Назарбаев 2006 жылы өзгертіп, авторлар қатарына өз атын қостырған
Сенаттың жалпы отырысының кулуарында Спикер Мәулен Әшімбаев Әнұран авторлығына қатысты сұраққа жауап берді.
«Әлеуметтік желіде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты әнұран авторлығынан алып тастауға қатысты ақпарат жарияланып жатыр. 2024 жылы «Авторлық құқықты қорғау туралы» заң қарастырылғанда Әнұран авторлығынан Нұрсұлтан Назарбаевтың атын алып тастау мүмкін бе?» Деп сұрады журналист Сенат төрағасынан.
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев бұл сұраққа жауап берді.
«Бұл (Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты әнұран авторлығынан алып тастау – автор) мәселеге әріптесіміз бірнеше рет жауап берген. Бұл – қазір депутаттар айналысатын ең өзекті мәселе емес шығар. Реформаға қатысты көптеген мақсат бар... Осы қыстан дұрыс өтуіміз керек. Бұл мәселеге әріптесіміз де жауап берді ғой», - деді Әшімбаев.
Еске салайық, Қазақстанның жаңа Әнұраны 2006 жылы қабылданған. Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» әніне Нұрсұлтан Назарбаев өзгерту енгізіп, оны мемлекеттің рәмізі етіп бекітті.