Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

Қазақстанды цифрландыруға кеткен қаражат желге ұшты

Азамат Ахметов
Gov.kz

Елімізде цифрлы мемлекет құрудың қарқыны әлі де төмен. Десе де бұл саланы дамытуға қыруар қаржы бөлінгенін білеміз. Мысалы, «Цифрлық Қазақстан» (2018-2022жж) бағдарламасына 108 млрд 683 млн теңге қарастырылған. Бағдарлама іске асқан екі жылда бюджеттен шамамен 55 млрд теңге жұмсалды. Біз Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жетекшілік ететін цифрландыру саласына бөлінген қаражаттың қандай мақсатқа жұмсалғанын анықтап көрдік.

Былтыр аталған ведмствоның вице-министрі болған Абылайхан Оспанов «Цифрлық Қазақстанға» жүздеген миллион доллар жұмсалды деген ақпараттың жалған екенін айтып, мәлімдеме жасағаны есімізде. Оның айтуынша, екі жылда 700 млрд емес, 41 млрд теңге бөлінген. Бұл соманың 11,1%-ы (4,6 млрд теңге) цифрлық даму министрлігі іске асырып жатқан жобаларға жұмсалыпты.

Ведомство басшысы бағдарламаға әуел баста бөлінген 108 млрд 683 млн теңгенің қалғаны қайда жұмсалғанына әлі толық есеп берген жоқ. Бірақ, биыл тағы да «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асырамыз деп оған 2,2 трлн теңге мөлшерінде қаражат бөлу көзделген. Оның ішінде 1,4 трлн теңге мемлекеттік бюджеттен, ал 800 млрд теңге жеке инвестициялар есебінен жоспарланып отыр. Бұл қаражатқа ғылымды дамыту, цифрландыру және қалаларда 150 мың бейнебақылау камерасын орнату жоспарланыпты.

Айта кетерлігі, осы уақытқа дейін «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 8 қылмыстық іс қозғалған. Ал Есеп комитеті бұл бағдарлама бойынша тексерісті биылғы 4-тоқсаннан 2022 жылғы 2-тоқсан аралығында жүргізуді жоспарлап отыр. Бұған дейін әлеуметтік маңызы бар салаларды цифрландыруға бағытталған бағдарламаға бөлінген қаражатты жымқыру фактісі анықталған болатын. Былтыр «Цифрлық Қазақстан» бойынша Білім және ғылым министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жоғары лауазымды шенеуніктеріне қатысты екі қылмыстық іс қозғалғаны мәлім.

Президент вице-министрлерді неге сынға алды?

Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумына қатысқан болатын. Жиында елдегі цифрландыру саласындағы кем-кетікті айта келіп, бірқатар тапсырма берді. Сөз арасында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрлерін сынға алды. Оның айтуынша, олардың басты міндеті – күнделікті бюрократиялық жұмыс емес, цифрлық реформалар мен өзгерістерді жүзеге асыру. Осыған байланысты Президент жыл соңына дейін цифрландыруға жауапты әрбір вице-министр үшін нақты KPI әзірлеуді талап етті және Премьер-Министрге олардың қызметіне қатысты ұстанымды қайта қарауды, кадрлық құрамға баға беруді тапсырды.

Президенттің сынымен ведомство басшысы Бағдат Мусин толықтай келіседі. Тіпті, жыл соңына дейін цифрландыру жөніндегі вице-министрлер үшін KPI жүргізуді жоспарлап отыр. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметтерді пайдаланушылардың 90%-ы онлайн формат көшуі тиіс. Сөйтіп, KPI жыл соңына дейін бекітілсе, келесі жылдан бастап мемлекеттік органдардың тиімділігі мен тиімсіздігі дәл осы өлшемдер бойынша есептелмек.

«Ұлттық ақпараттық технология» АҚ-ның міндетін енді Сбер атқарады

Алты жылда мемлекеттік «Ұлттық ақпараттық технология» АҚ 860 млрд астам қаржы бөлінген. Сонымен бірге, барлық мемлекеттік органдар, квази мемлекеттік сектор, ешқандай қызметін көрмеседе, осы компаниямен келісім-шартқа отыруы тиіс деген ақпаратта бар. Бұл туралы өзінің әлеуметтік желісінде Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров жазба қалдырған болатын. Расымен, 2008 жылдан бері «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» еншілес ұйымы атанған «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның 2020 жылғы таза табысы − 7 345 450 783 (жеті миллиард үш жүз қырық бес миллион төрт жүз елу мың жеті жүз сексен үш) теңге. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бұл соманың 70%-ын  5 141 815 548 (бес миллиард бір жүз қырық бір миллион сегіз жүз он бес мың бес жүз қырық сегіз) теңге акция ретінде дивиденд төлеуге жіберген. Компанияның былтырғы жылғы есебінде акционердің нақты кім екені көрсетілмеді. Бірақ жоғарыда «Зерде» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы екенін ескерсек, 5 млрд 141 млн теңгенің қай жаққа кеткенін жобалай беруге болады. Ал  «Зерденің» былтырғы салықты төлегендегі таза табысы − 6 млрд 686 млн теңге. «Зерде» жоғарыда қыруар қаржы бөлінген «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асырушы негізгі компания. Айта кетерліні, AstanaHub-та осы компанияның аясында құрылған.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі түрлі стартап жобаларын «Зерде» арқылы қаржыландыратын болса,  «Ұлттық ақпараттық технология» АҚ-ны ашудың қажеті қанша? деген сұрақтың туындауы заңдылық. Алты жыл қатарынан барлық мемлекеттік органдар, квази мемлекеттік сектор келісім-шартқа отыруы тиіс болған компанияның негізі міндеті: ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың, сондай-ақ ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру қағидаларының сақталуын қамтамасыз ету, уәкілетті орган бекіткен тізбеге сәйкес мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына және «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының объектілеріне жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді және оларды қолдап отыруды жүзеге асыру және «электрондық үкіметтің» қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тағысын тағы. Яғни, жақында Себерге берілген міндеттің барлығын осы уақытқа дейін «Ұлттық ақпараттық технология» АҚ-ны атақып келген. Табысы жоғары комапняиының 2018 жылға дейінгі басшысы Әсет Тұрысов, ол қазіргі уақытта Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі қызметін атқарады. Айта кетерлігі, 2014-2017 жылдары министр Бағдат Мусин «Қазпошта» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы болған кезінде Ә.Тұрысов сол жылдары қарамағында жұмыс істеген.

Кәсіпорындардың 80 пайызында автоматтандыру деңгейі өте төмен

«Siemens» компаниясының бағалауы бойынша, отандық өнеркәсіптік кәсіпорындардың 80 пайызында автоматтандыру деңгейі өте төмен. Мемлекет басшысының айтуынша, өнеркәсіптің цифрлануы «Индустрия 2.0» деңгейінде. Ал біздің ел «Индустрия 4.0» дәуірінде өмір сүріп жатыр. Салдарынан биыл өнеркәсіп пен энергетика саласы ақпараттық жүйеге қосылмағандықтан мемлекетке 4 млрд теңге шығын келген. Тағы да «Цифрлық Қазақстан» арқылы өндірісті цифрлы форматқа көшіреміз деген бастамамен 2019 жылы 1,2 млрд теңге, 2020 жылы қаржыландыру 825,3 млн теңгені және 2021 жылы 646,1 млн теңге бөлінген.

5 мың медицина орталығында ғана интернет қолжетімді

2013 жылдан бастап іске асқан «Ақпараттық Қазақстан-2020» бағдарламасының қорытындысында бірыңғай денсаулық сақтау желісіне қосылған денсаулық сақтау ұйымдарының үлесі 100 қамытылды делінген. Бағдарлама аяқталған жылы пандемия белең алып, цифрланған медицина саласын халық сезіне алмады. Тағы да млрдтаған қаражат желге ұшты. Карантин кезіндегі көрсеткіш бойынша елімізде 5 мың медицина орталығында ғана интернет қолжетімді болған. 2017 жылы бұл көрсеткіш 2,5 мың ғана. Аудандық деңгейдегі медициналық ақпараттық жүйелермен қамтылған емхана саны 651. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, денсаулық сақтау саласында 20-дан астам мобильді қосымша қолданылады, ал оларды пайдаланушылардың нақты саны 3,5 млн адамнан астады екен. Солардың бірі – DamuMed. Былтыр халық медицинаға аса мұқтаж кезде, бұл бағдарламадан да «жік» шықты. DamuMed арқылы 75,5 млн теңгеге жуық сомаға 11 607 қызмет көрсетілді деп жалған есеп берілген. Оның ішінде іс жүзінде болмаған сапарлар, дәрігерлік тағайындау мен рәсімдер, науқасты өткірік қабылдау сынды өрескел алаяқтық орын алды. Карантин кезінде денсаулық сақтау саласына мемлекеттен 94,4 млрд тенге қосымша қарастырылған болатын. Бұл қаражат та ақпараттық жүйеге көшуге жеткіліксіз болды. Шын мәніде республикадағы медициналық мекемелердің 40%-ы ғана «цифрлы дәуірге» аяқ басқан.

Айта кетерлігі, ақпараттық жүйе құру үшін бөлінген 500 млн теңгені жымқырды деген күдікпен бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев соттың санкциясымен қамауға алынды. Қаржы мониторингі комитетінің ақпараты бойынша Олжас Әбішев жұмыстың нақты орындалмағанын біле тұра, орындалған жұмыстар актісіне қол қойып, төлем жүргізген.

Ауылға интернет орнатамыз деген қаражат қайда кетті?

 «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша 2019 жылғы ресми статистикалық жинақта «Қазақстан мектептері 98%-ке интернетпен қамтылды» делінген. Бірақ іс жүзінде орта білім беру ордалары дәстүрлі оқу форматынан онлайн оқуға ауысқанда, еліміздегі телекоммуникациялық жүйелердің нақты ахуалы белгілі болды. Әсіресе, шалғай ауылдарда интернет желісінің болмауы және техника жетіспеушілігі туындады. Мұғалімдердің сөзінше, 2020 жылдың соңына дейін БҒМ оларға қашықтан білім беруге қатысты нақты жоспар ұсынбаған. Көпішілігінде интернеті, нұсқаулықтары да болған жоқ. Мұғалімдер оқу кестесін қалай реттеуді білмеді. Тіпті кейбірі Zoom-конференцияны қалай өткізуді де білмеген ұстаздар барын Білім және ғылым министрінің өзі жасырмайды. Сөйтіп, 1 сәуір күні онлайнда жалпы республикалық сынып сағаты өткізілді. Ал 3 сәуір күні білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстандағы интернеттің онлайн сабақ өткізуге мүмкіндігі жетпейтінін мойындап, 2,5 миллион бала телеарна арқылы сабақ алатынын мәлімдеді. Елімізде 3 млн оқушыға қашықтықтан білім алуға көшу кезінде 700 мыңға жуық (23%) компьютер қажет болды. Эпидемиялық жағдай кезінде оқушыларға 250 мыңнан астам компьютер уақытша пайдалануға берілді.

Айта кетерлігі, онлайн фарматқа көшу кезінде ауылды елді-мекендегі оқушылар интернет желісінің болмауына байланысыты дұрыс сабақ оқи алмады.

Осы ретте, 2019 жылы «Қазақтелеком» АҚ «Ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желілерінің технологиясы бойынша кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» жобасын бекітіп, карантин болған 2020 жылы 828 ауылды интернетпен толықтай қамтамасыз етуі керек еді. Тіпті, бұл жоба үшін аталған ұлттық компания мемлекеттің кепілдендіруімен Қазақстанның Даму банкінен 26,6 млрд теңге қарыз алған. Бұл қаражатты – 2032 жылы қайтаруы тиіс. 2027 -2032 жыл аралығындағы жыл сайынғы қарыз үшін банктің пайыздық мөлшерлемесі 11,72%. Ауылға интернет орнатылмаса да, мемлекеттің кепіл болуымен алынған ақшаның есебі әлі сұралған жоқ.

Шығыны көп министрлік

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің пандемияға дейінгі 2019 жылы кеткен шығындарына тоқталсақ. «Ашық бюджеттер» порталының деректерінше, министрлік бір жылда бизнес-кластағы бес автокөлік шығындарына бюджеттен 29 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Оған қоса тағы үш автобус 15,2 миллион теңгеге сатып алынған. Көлікке кеткен шығын көлемі 50 миллион теңгеден асады. Ал телефон байланысы мен интернетке жыл сайын 90 миллион теңге жұмсалыпты.

Министрлік имидждік іс-шаралардан бас тартқанына қарамастан Digital forum өткізуге 2019 жылы 114 миллион теңге бөлінді. 2019 жылы минисрлік «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын талдау мақсатында зерттеу жүргізіп оған, 123 миллион теңгені аз сынбапты.

Пандемия кезінде интернет желісін тартуға қаражат таппаған министрлік «Халықтың түрлі топтары арасында адамдардың барынша көп санын қамтитын инновациялар бойынша кеңінен насихаттау қызметін жүргізуге» 36,9 миллион теңге жұмсады. Коронавирустық пандемия белең алған жылы

бюджеттен цифрландыруға 1,3 миллиард бөлінді, кейін жағдай ушыққан соң, бұл сома 2,9 миллиард теңгеге жетті. Қалай десек те, бюдет қаражатын есепсіз жұмсайтын министрлік биыл да бұрынғы әдетіне басып, ауылды интернетпен қамту, білім, денсаулық сақтау саласын цифрландырудың орнына түрлі жобалар мен Digital forum өткізуді артық санады.

Сізге қызықты болады