«Дефицитті ҚТЖ-ның өзі істеп отыр»: желі қолданушысы пойыз билетінің тапшылығын түсіндірді (ВИДЕО)

Азамат Ахметов
Фото ашық дереккөзден

Жаз айлары бастала салысымен темір жол кассаларында билет қалмайтыны бүгінде үйреншікті жағдайға айналған. Үкімет жыл сайын бұл проблеманы шешу керек деп ышқынғанымен, билет таппай сеңделіп жүрген жолаушылар проблемасы әлі де өзекті.

Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі мұның артында ҚТЖ қызметкерлерінің өзі тұр деп есептейді. Билеттердің кассаға түспей жатып сатылып кетуі мүмкін емес деген әйел, алып-сатарлардың артында кімдердің тұрғанын да айтып берді.

«ҚТЖ-да отырған басшылардың бәрі жекеменшік касса ашып алған. Олар билеттің үстінен ақша қосып делдалға сатады, делдал тағы ақша қосып халыққа сатады. Яғни, бұл дефицитті ҚТЖ-ның өзі қолдан істеп отыр. Егер тоқтатамын десе жүйеге өзгеріс енгізіп, бұрында-ақ делдалдардың жолын кесетін еді», – дейді видео авторы.

Ол сондай-ақ пойыздардың әбден ескіріп тозғанын да айтып өтті.

Еске салайық, бұған дейін белгілі блогер Тәңірберген Бердоңғар да Қазақстан қалалары арасында жүретін вагондардың жағдайы адамшошырлық екенін айтып, видео түсірген болатын. Желі қолданушылары болса бұл вагондарды Маминнен қалған мұра десіп жатыр.

Теги: