Қырғыздан қай жеріміз кем? Қырғызстанда мемлекеттік тілді білмейтін шенеунік қызметтен босатылады

Азамат Ахметов

Қырғызстан үкіметі мемлекеттік тілді білмейтін шенеуніктер қызметінен босатылады деп мәлімдеді деп жазады Азаттық. Бірнеше күн бұрын президент Садыр Жапаров мемлекеттік қызметкерлерді қырғыз тілінде сөйлеуге міндеттейтін заңға қол қойған еді.

Қырғызстанда жаңа заң күшіне енгеннен кейін қырғыз тілін білмейтін шенеуніктер қызметінен кетеді. 27 шілдеде мемлекеттік тіл жөніндегі ұлттық комитет басшысы Қаныбек Осмоналиев «қырғыз тілін білмейтін шенеуніктердің тіл үйренуге жеткілікті уақыты болды, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге жылдар бойы талпыныс жасалып келеді» деді.

«Қырғыз тілін үйренуге 3-4 жыл уақыттары болды. Шын қалаған адам алты айда қырғызша сөйлеп кетер еді. Берілген уақыт бітті. Енді қырғыз тілін білмейтін шенеуніктер қызметінен босатылады», — деді Осмоналиев.

Бұл мәлімдемеден бірнеше күн бұрын президент Садыр Жапаров барлық мемлекеттік мекемелерде қырғыз тілі қолданылуы керек деген заңға қол қойған.