Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

«Итке сүйек тастағандай»: қазақстандықтар утильалымға күн сайын 1 млрд теңге аударады

Азамат Ахметов

Саясаттанушы әрі қоғам белсендісі Санжар Боқаев утильалымға қазақстандықтар күн сайын 1 млрд теңге төлейтінін және бұл қаражат бұрынғысынша жекенің қалтасына кетіп жатқанын айтып дабыл қақты. Бұл туралы ол журналист Борейкоға берген сұхбатында мәлімдеген.

Еске салайық, Қаңтар оқиғасына дейін елімізде автокөліктерге арналған утильалыммен Әлия Назарбаева құрылтайшысы саналатын «Оператор РОП» ЖШС айналысатын. Халық тарапынан бұл алымның сомасы тым көп екені жиі айтылып, наразылық та білдіргендер болды. Қаңтардан кейін осы компанияның негізсіз ақша жинағаны анықталып, басшылары қазір сотталып жатыр. Ал, утильалыммен «Жасыл даму» компаниясы айналысуда.

«Әр күн сайын «Жасыл даму» шотына шамамен 1 млрд теңге түсіп отырады. Ал, компания болса бұл қаражатты өзінің табысы деп көрсеткен. Яғни, олар халықтың утильалымға деп өткізген ақшасын өздерінің табысы деп есептейді.

Ал, осы қаражаттан жеңілдетілген автонесиеге ақша берсе оны шығын деп есептейді екен. Бұл қандай шығын? Халықтың өз ақшасын өзіне несие ретінде беріп, оны өздерінің шығыны деу ақылға қонымсыз», – дейді қоғам белсендісі.

Оның сөзінше, «Жасыл даму» халықтан алған ақшаның біраз бөлігін автомобиль өндірушілеріне береді екен да, оны шығын деп есептемейді екен.

«Мұны қалай түсінуге олады: халықтың ақшасын олигархтарға беру шығын емес те, жеңілдетілген автонесиеге аздаған қаражат бөлу – қып-қызыл шығын. Біз утильалымның құны тым қымбат екенін дәлелдеп шыққанда бұлар дереу халықты алдап, жеңілдетілген автонесиеге ақша бөлу идеясын ойлап тапты. Енді итке сүйек тастағандай «біз халықпен бөлісіп отырмыз» деп ақталады. Бұл бәріміздің ашуымызды тудырып отыр», – деді Санжар Боқаев.

Сізге қызықты болады