Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

«Ескі Қазақстан» өкілдерінің билікке келуі мемлекетке қауіпті – Әсет Матаев

Азамат Ахметов
Фото ашық дереккөзден

Белгілі журналист Әсет Матаев «Ескі Қазақстан» өкілдерінің билікке қайта келе бастауы мемлекеттігімізге қауіпті деп есептейді. Маманның пікірін ҚазТАГ агенттігі жазды.

«Ескі Қазақстан кетпей жатып біз Жаңа Қазақстан туралы айта аламыз ба? Кешелі бері ескі Қазақстан өкілдерінің билікке келе бастағаны туралы ақпараттар шыға бастады. Дінмұхамед Ыдырысовтың (Н.Нығматулиннің құдасы, Қ.Сатыбалды мен Дариға Назарбаеваның досы) қолбаласы Нәби Айтжанов KEGOC мемлекеттік компаниясының басшысы болды. Ал, Нұрали Назарбаев «Транстелеком» АҚ-ның директорлар кеңесіне төраға болып сайланды», – дейді Ә.Матаев.

Оның айтуынша, «Транстелеком» компаниясы кешеге дейін 100% мемлекеттің меншігінде болған және Қазақстан темір жолындағы байланыс желілеріне жалғыз өзі иелік еткен.

«Біздің кеңседе 2 мыңыншы жылдары ҚТЖ-ның телефоны болды, өйткені желісі тура жанымыздан өтетін. «Транстелеком» – тек желілер емес, бұл ғимараттар, жер телімдері және т.б. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Нұрали Алиевті танымайтынын, ал ол басқаратын компанияда мемлекеттің қатысуы жоқ екенін айтып ақталды. Бұл өтірік. ҚТЖ мемлекетке тиесілі, ал «Транстелекомның» 25%-ы ҚТЖ-ға тиесілі. Мұндай жаңалықтардан қоғамда агрессия пайда болатыны белгілі», – дейді журналист.

Еске салайық, биыл 31 мамырда Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Нұрсұлтан Назарбаевтың бала-шағасы туралы айтқанда, олардың 150 млрд долларды елден шығарғанын мәлімдеген еді.

Сізге қызықты болады