Ол аталған таңбаның соғысқа еш қатысы жоқ деп ақталды
Ресейдің Украинадағы соғысын қолдаушылар Қазақстанда да ішінара кездесіп, бұған дейін бірнеше азаматтың әрекеті әшкере болған еді. Кезекті оқиға Өскеменде тіркелді.
Әлеуметтік желілерде көлігіне «Z» таңбасын жазып алған өскемендік тұрғын туралы видео осыдан бірнеше күн бұрын тараған болатын. Күні кеше ол елден кешірім сұрады.
Айтуынша, аталған белгінің Ресей мен Украина соғысына еш қатысы жоқ, жай ғана кездейсоқтық.
«Мен өз көлігімнің сыртына "Z" әріпін жазып қойдым. Себебі менің тегім Зиновьев. Көліктің есігін ауыстыруым керек болған кезде жазылған еді. Оны айырбастау ұзаққа созылды. Сол үшін де тұрып қалды. Қазір мен оны өшіріп тастадым», - деп ақталды өскемендік тұрғын.
Еске салайық, бұған дейін де Қазақстанның өзге аймақтарында көлігіне «Z» немесе «V» белгілерін жабыстырып алған азаматтар оны өшіруіне тура келген.