Астана интернет жылдамдығы жағынан Токионы басып озды деген Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин осы шулы мәлімдемесіне қатысты сұраққа жауап берді.
Үкімет отырысынан соң өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілі министрге «Астана интернет жылдамдығы жағынаг Токиодан бөлек тағы басқа қандай қалалардан озып кетті? Сіздің отставкаңызды талап еткен петиция жарияланғанын білесіз бе?» деген сұрақ қойды.
«Петицияны көрдім. Ал бәсеке мен рейтинг жайлы айтар болсақ, рейтинг көпшілікке белгілі әрі бәріне қолжетімді. Сондықтан бірнеше сайтқа кіріп рейтингті қарауға болады. Егер қажет болса сізге сілтемесін жіберейін», - деді Бағдат Мусин журналистке.
Оның айтуынша, министрлік тек ресми мәліметке ғана сүйенеді.
«Интернет сапасы бойынша сұрақтар бар ма» деп сұраңыз, иә бар. Мен интернет сапасына қатысты мәселені мойындаймын. Сол себепті біз операторларға нақты тапсырма береміз. Сондай-ақ, ай сайын бақылау жүргіземіз. Олардың сапасын және базалық стансаларды уақытылы тұрғызуын қадағалаймыз», – деді ведомство басшысы.