Қазақстанға талибанмен дос болу не үшін қажет – саясаттанушы қазақ-ауған байланысы туралы айтты

Азамат Ахметов

Саясаттанушы Асхат Қасенғали Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында Астанада өткен қазақ-ауған экономикалық форумына қатысты ойымен бөлісті. 

«Форумда саяси ешқандай келісім жасалған жоқ. Тек экономика саласында ғана келісімдер болды. «Талибан» халықаралық қауымдастықтың құжаты бойынша лаңкестік ұйым. Әлемнің санкциясында жатқан ұйым. Біздің Жоғарғы сот 2005 жылы оны лаңкестік ұйым деп таныды. Қазақстанда 20 лаңкестік ұйымның ішінде «Талибан» тұр. Лаңкестермен қандай экономикалық форум өтуі мүмкін деген заңды сұрақ туындайды. Өз жерінде адам, әйел құқығын қаншалықты таптап жатқанын білеміз», - деді Асхат Қасенғали. 

Саясатанушы атағандай, Қазақстан Ауғанстанның ішкі жағдайын жақсы біледі.  

«Ауғанстан Қазақстанға не үшін керек? Ауғанстан Қазақстаннан астық сатып алушы мемлекеттің бірі. Ауғанстанда тұтынатын 80 пайыз ұн қазақстандық ұн. Ауғанстанда 37-38 млн халық бар. Осындай халыққа астық сатып отырмыз. Олар бізден оны қандай қаржыға сатып алып жатқаны маңызды емес. Кез келген бизнес солай жүргізіледі. Қазақстан Ауғанстан арқылы Пәкістанға жол салғысы келеді. Ал Ауғанстан Пәкістанға жақын жатқан елдің бірі. Пәкістан 230 млн адамы бар өте үлкен нарық. Ол бізден кез келген шикізатты сатып алса ұтады. Ауғанстан билігі қазір сол жолды аша алады, бірақ оның тыныш болатынына кепілдік бере алмайды. Егер Ауғанстан сияқты елдерді шеттетіп бөлсе, радикалдығы күшейе түседі. Оны көршілес елдерге экспорттай бастайды. Сондықтан Орталық Азияның қауіпсіздік мәселесі де бар. Ауғаныстанда аштық болса, 37-38 млн адамның тым болмағанда 1-2 млн-ы Орталық Азияға өтсе, тұрақтылыққа үлкен қауіп төнеді», - деді саясаттанушы.