Елде діндарлар балаларын мектепке хиджабпен кіргізуін талап етуде
Елімізде оқу жылы басталғалы қыздардың мектепке хиджаб киіп бару мәселесі ушығып кетті. Тиісті министрліктер мен ҚМБД ұстанымдарының кешеуілдеуі, нақты позицияларын білдірмеуі қоғамда пікірталасты күшейтіп жіберді. Орта білім саласындағы сарапшы, жекеменшік мектептер жобаларының авторы Нұрмұхамед Досыбаев «Abay LIVE» Youtube арнасына берген сұхбатында осыған қатысты пікір білдірді.
«Мұндай хиджап сияқты дауларда құзырлы орган басшысы нақты позицияны айту керек. Бірақ бізде идеологияға жауапты адамдар бәлкім өздері зерттеу жасап үлгермей жатқан шығар. Мемлекеттің нақты позициясының болмауы қоғамның ішіндегі дауға алып келеді. Қоғамның өзін бір-бірімен таластырып қоймау керек. Қоғамды бір-біріне қарсы қойсаң, онда олар тоқтамайды. Бір позиция жеңіп шығып, ортақ ұстаным қалыптасуы қажет», - дейді ол.
Оның ойынша, егер мемлекет бір мәселеге шектеу қойса, оған қатысты балама шешімдер ұсынуы керек.
«Орамалмен мектепке барғысы келетін оқушыларға мүмкін альтернативті ұсыныс жасау керек шығар. Жалпы мектепке барғысы келмесе, қыздарға арналған мектеп ашылсын. Осындай бір шешім ұсыну қажет. Конфликтінің шешу жолдары керек. Мемлекет тарапынан мұны жасауға ақша болмаса, қашықтан оқу жүйесін қарастырсын. Қазақстанның қашықтан оқыту жүйесіне қатысты да нақты ұстанымы жоқ. Баламды үйден оқытайын десе, мемлекет оған да көнбейді. Бізде қоғам адамдарды таңдаусыз қалдырған соң ушығады. Ортақ шешім табуға мүдделі басшылар болмаған соң ушығады. Жауапты адамдардың санасында еркіндік жоқ сияқты», - деп айтты Досыбаев.